29 мам, 2025 сағат 16:55

«Қаншама проблемалар бола тұрып, би билеп, әзіл айтып жүргенін құптамаймын»: Аймағамбетов TikTok-та белсенді мұғалімдер туралы ойын айтты

Коллаж: Ult.kz
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде белсенді ұстаздар туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz

«Басқа мемлекеттерде директор әр балаға бесті әкел деп қолын беріп жатады ғой. Ол әр басшының өз стилі ғой. Мен өзім жас болсам да менің стилімде ондай жоқ. Менің ойымша әр лауазымды тұлғаның өзінің рөлі болуы керек, өзіне тән қасиеттері болады. Сондықтан менің ойымша университеттің ректоры, мектептің директоры қаншама шешілмеген проблемалар бола тұрып, таң атқаннан кешке шейін  рилз түсіріп, би билеп, түрлі әзіл айтып жүрсе, мен өзім оны құптамаймын. Бірақ ол осы азаматтардың өз шешімдері. Мен оны құптамаймын да, түсінбеймін де», - деп айтты Ult.kz тілшісіне Асхат Аймағамбетов.


Бірақ депутат ұстаздардың танымдық, ағартушылық мақсатта әлеуметтік желіні қолданғанына қарсы емес, керісінше оқу-білімді насихаттаудың жолы деп біледі.

«Бірақ әр түрлі челлендждер болады ғой? Егер олар тақпақ айтып, кітап оқу бойынша шақырса, ол бөлек. Егер өз жұмысына қатысты, балалардың қызығушылығын оятуға жұмыс (әлеуметтік желі арқылы, ред) істесе онда ол бөлек. Ол оның мақсатына байланысты. Егер бостан босқа керегі жоқ, түсініксіз, самоцель дейді ғой, подписчик жинау сияқты жай ғана уақыт өткізу, жай ғана қалжың болатын болса, оны әрине біз жер мен көктей екенін түсінуіміз керек», - деп айтты депутат.


Айта кетейік, соңғы кезде орта мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындары студенттерімен бірге ұстаздар мен директорлардың арасында әлеуметтік желіде белсенділік артқан.  Кей бір ұстаздар ел арасында «TikTok ұстаз» деген лақап атқа да ие болған. 

Бұғар дейін Оқу-ағарту министрлігі Қазақстандағы TikTok-пен бірлесіп мұғалімдерге арналған жобалар да ұйымдастырған жайы бар. 

Жалпы қоғамда ұстаздардың әлеуметтік желіде белсенді болуына қатысты түрлі пікір бар. Олардың бірі “заманауи трендке ілесу арқылы жас буынмен тіл табысып, оларды тәрбилей аламсыз” десе, тағы бірі “балалардың әлеуметтік желіге тәуелділігінен құтыла алмай отырғанда ұстаздардың әлеуметтік желіде тренд түсіруі дұрыс емес” дейді.


Балжан Жеңісқызы