Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы Сауль Альварес «Канелоның» допингпен ұсталуы туралы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамыр айында үшінші жекпе-жек өткізу туралы да ешқандай келіссөз жүргізілмеген
«Канелоның допингпен екінші рет ұсталуы туралы ақпарат жалған. Мұндай мәлімдемені ешкім жасаған жоқ. Мамыр айында үшінші кездесу өткізу туралы ақпаратқа да күмәнім бар. Бұл туралы «Golden Boy» промоутерлері мен Головкиннің промоутері Том Леффлер ресми хабарлауы керек. Егер олар бұл тақырыпта сөйлессе, бізге хабар жетер еді. Әзірге еш хабар жоқ. Үшінші жекпе-жек туралы ешкім ешқандай келіссөз жүргізген жоқ», - деді ҚКБФ вице-президенті Виктор Демьяненко ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Вице-президенттің айтуынша, соққыларды есепке алатын компьютерлік жүйенің есебі ресми дерек болып саналмайды.
«Бұған дейін де Головкиннің жеңілгенін айтқанмын. Бұл жолы Головкин соңына дейін айқаспады. Оның бокстасу мәнері төрешілердің Канелоның пайдасына шешім шығаруына жеткілікті болды. Ал компьютерлік жүйенің есебі ресми дерек болып саналмайды. Жекпе-жекте отырған төрешілер әрбір раундты жіті бақылап, нәтижесін көрсетті. Мұны енді ешкім өзгерте алмайды», - деді ол.
Сонымен бірге, Демьяненко «Үшінші кездесу болған күнде де отандасымыздың жеңіске жетуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.
«Әрине, мүмкін. Бокс - адам болжай алмайтын спорттың түрі. Жеңіске жету үшін бір соққының өзі жеткілікті. Сондықтан, мұнда қос тараптың дайындығына қарап болжам ғана жасай аламыз. Мұнда да нюанстар көп, спортшылар жаттығуда жарақат алуы мүмкін, ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан, қызықтың бәрі алда», - деді Виктор Демьяненко.