Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер мексикалық Сауль Альвареспен екінші жекпе-жектен кейінгі қызық жағдай туралы әңгімелеп берді, деп хабарлады Sputnik агенттігі Sports.kz порталына сілтеме жасап.
"VADA жекпе-жектен кейін Головкинді кездейсоқ тестен өткізбекші болды. Мен "Канелоны" да тестілеу жоспарға енгізілгеніне сенімдімін. Дегенмен келесі күні допинг-тестілеу тоқтатылды. Алдымен жоспарланып, кейін тоқтатылғаны қызық болып тұр… "Канело" бұл кезде Мексикаға барып, ет жеп, өз "шешімін" тойлап үлгерген болса керек", — деп жазды Леффлер твиттерде.
Осы мәлімдемеден соң кейбір шетелдік баспасөздер мақала жариялап, "Канелоның" допинг-тестілеуден бас тартқанын сынға алды. Кейінірек Леффлер Metro басылымына берген сұхбатында не айтқысы келгенін түсіндірді: "Канело" соңғы тестілеуден бас тартты деген жоқпын, оны VADA тоқтатты. Бірақ бұл допинг-тестілеу тоқтатылған алғашқы жағдай".
Естеріңізге сала кетейік, Альварестің екі допинг-сынамасынан клинбутерол табылып, осы жылдың ақпаны мен тамызы аралығында – алты айға бокстан шеттетілген болатын, бірақ оның Головкинмен екінші кездесуі қыркүйек айында өтті. Екінші жекпе-жекте төрешілердің шешімімен "Канело" жеңіске жетті.