Соңғы уақытта Қазақстан азаматтарының Армениядан көлік алып келуі тыйылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкімет қаулысына сәйкес, Армениядан әкелінетін көліктерді тіркеу мерзімі 2021 жылдың 1 наурызына дейін ұзартылған болатын. Дегенмен, соңғы уақытта ол жақтан көлік әкелу тоқтап тұр. Өйткені, шекара жабық және іс жүзінде сырт елге шығу болмады десек те артық емес», - деді комитет төрағасының орынбасары БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол қай уақыттан қазақстандықтар өзімен бірге көлік жүргізуге рұқсат беретін жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты алып жүрмеуіне болатындығын түсіндірді.
«Қазіргі уақытта бұл заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Ол қабылданғаннан кейін көлігіңіз Қазақстанда тіркелсе, жүргізуші куәлігін елімізде алсаңыз, онда көлік құралын басқару үшін сізге өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді алып жүрсеңіз жеткілікті болады. Егер жүргізушінің тұлғасын не болмаса аталған көлікті анықтау қажет болған жағдайда жол жүрісіне қадағалауды жүзеге асыратын полиция қызметкері электронды планшетті пайдаланады. Қазіргі уақытта бізде шамамен 9 мың электронды планшет бар және жол жүрісін қадағалауға жұмылдырылған қызметкерлердің барлығы мұндай құрылғымен жабдықталған», - деді Серік Түсіпов.