Канада корольдік әскери әуе күштерінің мәліметінше, Британ Колумбиясының Камлупс қаласында канадалық қарулы күштердің Snowbirds ұшағы апатқа ұшыраған. Оқиға салдарынан бір адам мерт болып, екіншісі жарақат алды. Бұл туралы CNN агенттігі.
«Біз CF Snowbirds командасы мүшелерінің бірі қайтыс болғанын, екіншісі ауыр жарақат алғанын хабарлаймыз» деді корольдіктің ресми өкілі Twitter парақшасындағы хабарламасында.
Ол сондай-ақ оқиға бойынша қосымша ақпарат жақын арада белгілі болатынын атап өтті.
Билік ұшақ апаты туралы хабарламаны таңертең сағат 11:42-де алған. Snowbirds ұшағы Ванкуверден солтүстік-шығысқа қарай 150 миль жерде орналасқан Камлупс қаласының Гленвью-авенюдегі үйге соғылған.
Snowbirds ел тұрғындары үшін әуешоуын көрсетеді.
Канада Қарулы күштерінің әскери қызметшілерінен және Ұлттық қорғаныс мемлекеттік қызметінің қызметкерлерінен тұратын команда 2 мамырда Covid-19 вирусының таралуына қарсы күреске өз үлесін қосқан канадалықтарды қолдау үшін әуешоу өткізе бастады.
Қауіпсіздік және реттеу органдары апаттың себептерін тексеруді бастады. Әскери қызметкерлер Камлупске тергеу тобы жіберілгенін хабарлады. Олар сондай-ақ ұшақтың апатқа ұшырау сәтін камераға түсіріп үлгерген кез келген адамның хабар беруін сұрайды.