Жуырда «Дін, діни экстремизм мен террроризмның алдын алу мәселелері» бойынша ақпараттық және оқыту семинарына қатыстым. Шараны ұйымдастырушылардың бірі Заң ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» ҚҚ директоры Кәкімжан Бишманов тақырып аясында тәжірибесімен бөлісті.
– Терроризм мен экстремизмді зерттеу үшін журналист теолог немесе дінтанушы болу міндетті емес. Бірақ сіз қоғамда болып жатқан жан-жақты оқиғаларды жазатын болғандықтан бұл тақырыпты да айналып өтіп кете алмайсыз, – деп бастады Кәкімжан Мұратжанұлы әңгімесін.
Иә, ол рас, біз кейде эмоцияға да жол беруіміз мүмкін. Дегенмен, қазір дін тақырыбы өте нәзік тақырыптардың бірі. «Сол үшін дін туралы, терроризм туралы жазғанда абай болу керек» дейді спикер.
Оның ішінде терроризм-экстремизм, сепаратизм, радикализм деген ұғымдар бар. Бұл туралы ақпараттардың бәрі интернетте қолжетімді. Спикерге көкейдегі сұрақтарды қойып отырдық.
– Сонда жаңағы «измдердің» барлығы қайдан шығып отыр?
– Мысалы, радикализмнен шығып отырған экстремизмнің өзі үшке бөлінеді: діни экстремизм, саяси экстремизм, ұлттық экстремизм. «Измдерді» әрі қарай зерттеп кете берсек, ұлттық экстремизмнен кейін нацизм шығады. Нацизм – фашимге, фашизм – геноцидке апарады. Осы радикалзимді басқа жағынан қарасақ, ол сепаратизмге апаруы мүмкін. Сепаратизм дегеніміз – елдің бірлігіне нұқсан келтіру. Мысалы, жерді бөліп, елді бөліп, ұлтты бөліп... Сондай-сондай радикализмнің өте қауіпті қырлары көп.
– Демек радикализмнің ішінде терроризм де бар ғой?
– Иә, ол да бар. Бірақ терроризм ерекше бөлек әңгіме. Әуелі террористтің кім екеніне тоқталайық. Террорист – ертеңін ұйғара алмайтын, ешқандай оңалту жұмысына жарамайтын адам. Оның негізгі мақсаты – адам өлтіру. Соның арқасында елге үрей салып, ел ішінде өз мақсатына жету. Мұнда терроризмнің негізі саяси жағынан ықпал жасау: басқарып отырған үкіметті отставкаға кетіру, конституциялық өзгеріс істеу, түрмедегі сыбайластарын шығару, қаржы жағынан мәселелерін шешу сияқты ірі-ірі жоспары болады. Неге десеңіз, мұның бәрі террористтің мақсатына жетуі үшін істейтін арам әрекеттері.
– Сонда террористің дайындығы қалай өтеді?
– Негізінде террорист болатын адам айлап-жылдап дайындалады. Оларды дайындау үшін бірталай қаржы керек. Сондықтан оларды қолдаутын радикалды ұйымдар болады. Әбден пісіріп-жетілдіріп болған соң, «сен дайынсың, енді күт, біз саған сигнал береміз» дейді. Ал оған дейін әлгі террорист той-өлімге барып, достарымен кештерге қатысып, әйелін ресторанға шақырып, бала-шағасымен табиғатқа шығып, қалыпты өмір сүре береді. Қарапайым адам болып жүре береді. Қараңызшы, психикасы қандай күшті. Түптің түбінде айналасындағылардың бәрін қыратынын, тіпті өзі де өлетінін біле тұра қалай өмір сүруге болады? Оның осыған дайындығы мықты болып тұр ғой. Терроризм – криминал. Бізде ол үшін Қылмыстық кодексте арнайы баптар бар.
– Ал экстремистер оңалту жұмысына көнетін түрі бар ма?
– Иә, діни экстремизм үшін күні-түні оңалту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түрлі деструктивті ағымдар біздің біраз қыз-жігіттеріміздің санасын улап, қазір оларды қайтадан қатарға қосу үшін жұмыс жүріп жатыр. Арасында қиындық тудыратындары да бар, бірақ олармен де сөйлесуге, келісімшартқа келуге болады. Сізге қарапайым түсіндірсем, экстремизм – идеологиялық жағынан қауіп, ал терроризм – криминальдық жағынан қауіп.
– Ислами фобия деген не?
– Иә, қазір ислами фобия деген бар. Фобия – қорқыныш. Ал ислами фобия деген – әрекет. Негізінде исламмен қорқытып-үркіту үлкен саясат, оның астары мүлдем басқа жақта.
Қазір жаһандану кезінде ақпаратта шекара жоқ. Смартфонмен кез келген мемлекетпен сөйлесе аламыз, ешқандай шектеу, шекара жоқ. Сондықтан алып жатқан ақпаратымыздың ішінде керегі де, керек емесі де бар. Жан-жақтағы ақпарат: исламистер, террористер, кісі өлтірушілер деген қорқынышты сөздер ислами фобияға келеді. Соның бір дәлелі Сирияда болып жатқан қантөгіс. Мысалы осындай арам әрекеттердің арқасында мұсылман мен мұсылман соғысып жатыр: шииттер мен сүнииттер. Екеуі де
Аллатағаланың пенделері. Екеуі де джиһат дейді. Сонда Аллатағала кімнің жағында? Шейтіттер жағында ма, әлде... Парадокс... Бұл масқара жағдай. Басқа діндердің алдында масқара болып жатырмыз. Оны кім пайдаланып жатыр? Қараңыз, Сирияда кім соғысып жүр: Еуропадан 9 мың, оның ішінде Ұлыбританиядан – 900, Белгиядан – 400, Италия, Испания, Германиядан – 600-700 адамнан жүр. Африкадан 6 мыңға жуық адам, бұрынғы Кеңес одағы елдерінен 6 мыңға жуық адам... Не істеп жүр олар? Қайдағы джиһад? Ол жерде адам өлтіруден басқа ештеңе жоқ. Міне, бұл ащы болса да шындық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ақбота МҰСАБЕК