09 мам, 2021 сағат 10:32

Кабулда мектеп маңындағы жарылыстан ондаған оқушы мерт болды


8 мамырда түстен кейін Ауғанстан астанасы Кабул қаласының батысындағы ұл және қыз балалар бірге оқитын мектеп жанында жарылыс болды. 30 шақты адам қаза тауып, 50-ден астамы жараланған. Көбінің жасы 11 мен 15 аралығында. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі қаза болғандар бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады.

АҚШ мемлекеттік департаменті Кабулдағы мектеп жанында жасалған жарылысты айыптап, ауған халқына қолдау білдіретінін мәлімдеді.

Ауғанстан білім министрлігі өкілінің Reuters агенттігіне хабарлауынша, жарылыс үш ауысымда оқитын мектепте екінші ауысым оқушылары сабақта отырған кезде болған.

Әлеуметтік желілерде тараған видео мен фотоларда мектептің қасында жарылыс болған жерде қанға боялған оқу құралдары, жарылыстан соң әуеге көтерілген түтін көрінеді.

Жарылысқа жауапкершілікті әзірге ешкім мойнына алған жоқ.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани жарылысқа байланысты "Талибанды" айыптады, бірақ оған тәліптердің қатысы барына ешқандай дәлел-айғақ келтірген жоқ. "Талибан" қозғалысының өкілі "бұған тәліптердің қатысы болуы мүмкін" деген сөзді теріске шығарып, жарылысты ұйымдастырғандарды айыптады.