04 қыр, 2021 сағат 15:12

Кабулда бей-берекет атылған оқ 17 адамның өмірін қиып кетті


Ауғанстан астанасында сенбіге қараған түні аспанға бей-берекет оқ атылып, салдарынан кемінде 17 адам қаза тауып, 41 адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚаАқпарат елдің «Толо ньюс» жергілікті телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, қала ауруханасына атыстан зардап шеккендер келіп түсуде. Олар - негізінен әртүрлі дәрежеде жарақат алған азаматтар. 

Бұған дейін ауған ақпарат құралдары хабарлағандай, Кабулда елдегі билікті басып алған «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары бей-берекет оқ жаудырып, бағынбаған солтүстік Панджшер провинциясын толық басып алғандықтарын атап өткен. Аймақтағы ұлттық қарсылық өкілдері радикалдардың осы провинцияға бақылау орнатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.