Фото: inform.kz
Балтабек Жетпісбаев 1907 жылы Семей облысы, Мұрат ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан тіршілік тауқыметін тартқан ол ерте ширап, алғыр болып өсті. Бала кезінен өмірге сын көзімен қарай білді. Жақсы мен жаманды, тендік пен теңсіздіктің арасын ажыратты.
1922 жылы Мұрат ауылындағы жастар бірігіп, комсомол ұясын құрады да, хатшысы етіп он бес жасар Балтабекті сайлайды. Бұл ұяда қырыққа жуық мүше болады.
1926 жылы Балтабек Жетпісбаев Семей губерниялық комсомол конференциясына делегат болып қатысады. Сонан соң комсомолдық жолдамамен қазақтың 418-ұлттық атты әскер полкында әскердің командирі және полк командирінің орынбасары болып қызметін атқарады.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Балтабек Жетпісбаев генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкінің комсомол бюросының хатшысы болып әскери қызмет атқарды. Майдан төрінде жүріп, Балтабек Жетпісбаев көптеген ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, қаһармандық таныта білді. Көрсеткен батырлығының түгелін тізіп жаза бермий, тек бір ғана ерлігін айта кетейік.
Қырғын шайқастардың бірінде Балтабек басшылық еткен артдивизион фашистердің 60 танкісі, 20 бронитранспортері бар күшіне кенеттен шабуыл жасап, қоршауға алып, жойып жібереді. Бұл соғыс уақытында Кеңес Армиясында осы уақытқа дейін көрсетілмеген ғажайып ерлік екен. Кейін бұл ерлік туралы әскери тілші Вадим Кожевников «Правда» газетінің 1944 жылғы 3 маусымындағы санында көлемді материал жариялайды. Кейіпкеріміздің мұндай шебер ұйымдастырылған теңдессіз ерліктер қаншама?..
1967 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ халқының белгілі өкілдері соғыстағы ерекше ерліктерін ескеріп, Балтабек Жетпісбаевқа Совет Одағының Батыры атағын беруді өтініп, Мәскеуге хат жөнелтеді. Ол хаттың бір данасы Д.А.Қонаевқа берілді. Онда Бауыржан Момышұлы, генерал И.В.Панфиловтың қызы В.И.Панфилова, Мәлік Ғабдуллин, Хакім Әбдірашитов, Дмитрий Снегин, Ақай Нүсіпбеков, Андрей Кузнецов сияқты Панфилов дивизиясының ардагерлері Жетпісбаев ерлігін жазады.
КОКП Саяси Бюро мүшелігіне кандидат, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев бұл хатты Кеңестер Одағының Маршалы, КСРО Қорғаныс министрі Р.Я.Малиновскийге жолдайды. Одан төмендегідей жауап келеді: «Б.Джетпысбаев награжден многими орденами и этого достаточно. Если товарищ Кунаев не согласен, может обратиться в ЦК КПСС».
Осыдан кейін Д.А.Қонаев 1968 жылдың 12 науырызында КОКП Орталық Комитетіне Қазақстан КП Орталық Комитетінің бюросының «Панфиловшы – майор Б.Жетпісбаевқа Совет Одағы Батыры атағын беру туралы» деген арнайы қаулысын жолдап, Л.И.Брежневке өтініш хатын да қоса жібереді. Ал КСРО Жоғарғы Кеңесіне жолданған хат оның төрағасы Брежневтің қолына тигенде ол:
«Біз енді ешқашан Ұлы Отан соғысы оқиғасына оралмаймыз. Ол ескірген дүние», - деп жауап қайтарыпты.
Елінің абзал перзенті, Балтабек Жетпісбаевқа «Халық Қаһарманы» деген жоғары атақты беретін уақыт әлде қашан жетті деп ойлаймыз.
Егер айтар болсақ, соғыс кезінде 11 695 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, осылардың 497-сі қазақстандық, бұлардың 98-і қазақтар. Сондай-ақ, осылармен қатар соғыс кезінде, Кеңес Одағының Батыры атағына тағы ұсынылған қазақтардың саны 14 екен. Дегенмен, осылардың түгелі Батыр атағын белгілі себептермен ала алмаған.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі