Алғаш рет Junior Eurovision-2021 ән байқауының Ұлттық іріктеуінің финалында екі қатысушы жеңімпаз атанды. Финалда Бекнұр Жәнібекұлы және Әлинұр Хамзин бірдей 30,5 пайыз дауыс жинады. Енді талантты орындаушылар 19 желтоқсан күні Парижде өтетін халықаралық байқауда «Ертегі әлемі» әнімен Қазақстанның атынан өнер көрсетеді. Бұл туралы ҚазАқпарат «Хабар» Агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық іріктеу жеңімпаздары қазылар алқасының бағалауы және телекөрермендердің SMS-дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды.
Ұлттық іріктеу концертінің тікелей көрсетілімі бүгін «Хабар» телеарнасының эфирінде өтті. 10 финалист танымал қазақстандық композиторлардың арнайы жазылған авторлық әндерімен өнер көрсетті.
Парижде өтетін 19-шы Junior Eurovision Song Contest балалар ән байқауына 19 ел қатысады. Олар: Албания, Армения, Әзербайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина.
Қазақстанның айтулы байқауға төртінші рет қатысуы «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бастап Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі болып табылуының арқасында мүмкін болды.
Алғаш рет Қазақстан Junior Eurovision байқауына 2018 жылы қатысты. Байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болды. 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды (қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орын).
2020 жылы пандемияға байланысты балалар Евровидениесі онлайн-форматта өтті. Байқауға әндер жазба нұсқасында ұсынылды. Қазақстан намысын қорғаған Қарақат Башанова «Forever» әнін орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша 13 қатысушының арасында екінші орынға ие болды.
Ұлттық іріктеу трансляциясын осы жерден көруге болады.