13 қаз, 2020 сағат 11:47

Johnson & Johnson "белгісіз ауруға" байланысты коронавирус вакцинасын сынақтан өткізуді уақытша тоқтатты

Америкалық Johnson & Johnson компаниясы еріктілердің бірінің "белгісіз ауруға" шалдығуына байланысты коронавирус вакцинасын сынақтан өткізуді уақытша тоқтатты. АҚШ-та шоғырланған алып компания әзірлеп жатқан коронавирус вакцинасы әлемде қолданысқа ену ықтималдығы жоғары екпелердің бірі саналады.

Компания таратқан хабарламада "зерттеуге қатысушыдан белгісіз аурудың пайда болуына байланысты" сынақтың уақытша тоқтатылғаны жазылған. Компания өкілдерінің пікірінше, мыңдаған адам қатысатын ірі зерттеу кезінде мұндай оқиғалардың болуы қалыпты құбылыс. Компания "зерттеудегі үзіліс" пен денсаулық сақтау саласының билігі қоятын "нормативтік тыйым" арасында үлкен айырмашылық барын да атап өтеді. Johnson & Johnson сынаққа қатушы жайлы басқа мәлімет бермеген.

Бұған дейін AstraZeneca компаниясы да осыған ұқсас себеппен сынақты тоқтатқан болатын. Ұлыбритания, Бразилия, Оңтүстік Африка және Үндістан коронавирус вакцинасын сынақтан өткізуді жалғастырып жатыр. 

Қыркүйек айында Johnson & Johnson компаниясы клиникалық сынақтың бастапқы және орта кезеңінде COVID-19 вакцинасының коронавирустан қорғайтын мықты иммунитет қалыптастыруға қабілеті бар екенін мәлімдеген еді. Ізінше компания 60 мың адам қатысатын ірі сынақты бастаған.

Johnson & Johnson коронавирус вакцинасын сынақтан өткізудің үшінші кезеңіне өткен АҚШ-тағы төртінші компания.