18 там, 2025 сағат 12:52

Jlo-ның образы қандай және алтын әшекейді жарастырып қалай тағамыз ‒ стилистен кеңес

Фото: Instagram.com

Жақында Қазақстанға келіп концерт беріп кеткен әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопес (Jlo) қазақтың ұлттық әшекейін тағып түскен суретін әлеуметтік желіге жариялаған. Jlo-ның бұл образын мақтағандар да, «шомылуға арналған киіммен ұлттық әшекей тағып алды» деп сынағандар да болды. Осы ретте Ult.kz тілшісіне киім стилисті Назира Бурханова Jlo-ның осы образын талдап, алтын әшекей таққысы келетіндер оны қалай таңдауы керек екенін айтып берді.

Қазақтың ұлттық әшекейін бодимен үйлестірген Jlo

«Дженнифер Лопестің қолындағы «бесбілезік» деп аталатын қазақтың ұлттық әшекейін өзіміздің зергерлердің бірі сыйласа керек. Фотоға қарағанда әшекей алтын сияқты. Кей біреулер «Купальникпен киіп алды» деп сынап жатыр ғой, соған өз пікірімді айта кетейін.

Негізі Jlo-ның дене пішімі театралды романтик. Сахнада жүретіндердің арасында осы театралды романтиктер көп. Бет-әлпеті айқын, бөксесі бар. Жаттығу залына барып дене пішімін сақтап тұратыны тағы бар.



Фото: Назира Бурханованың жеке мұрағатынан

Оның терісі жылы түсте (теплый подтон. ред) болғандықтан мына сары түсті әшекей әдемі жарасып тұр. Ол қара түске сары түс жақсы үйлесетінін бейсаналы түрде білген сыңайлы. Қара түс өзі жабық түс қой, сондықтан оған сары, ақ түстер контрасы өте әдемі болып көрінеді. Jlo-ның шашы да қызғылтсары, алтын түсті ғой, бұл оған әшекей мен киіммен бірге үйлесім беріп тұр.

Дженнифер Лопес үстіне купальник киіп тұрған жоқ, бұл боди. Және оны айқындайтын колготкимен киген әдемі акцент. Оның стилисті бар ма, жоқ па екенін білмеймін. Бірақ ол өзінің шашының түсін, стилін өз типажына сай таңдайтын болғанын соңғы кезде байқап жүрмін.


Соңғы кезде түрлі-түсті колготкилер шығып кетті. Бірақ оны аяғы ұзын қыздар және аяғы жіңішке қыздар ғана кие алады. Өйткені сондай аппақ немесе қып-қызыл колготкилер аяққа көлем қосады. Сондықтан аяғы толық, не қысқа қыздар киетін болса, бойын қысқа қылып көрсетеді. Ал егер аяғымды қалай толық қылып көрсетемін дейтін қыздар болса, түрлі түсті колготкилер керемет шешім болар еді», дейді ол.

Әр әшекейдің өз үні бар

«Егер ол осы образда күміс түсті әшекей таққанда білезік осылай айқын көрінбес пе еді. Неге? Өйткені, қараторы қыздарға алтын түсті әшекей жарасып, образын жарқыратып жібереді. Ал, күміс түсті әшекейдің фонында қараторы адамның терісі "кір" сияқты әсер қалдыратыны бар. Әдетте оны стилистер өте жақсы білгендіктен клиенттерге өз цветотипіне келетін әшекей таңдауға кеңес береді. Мұнда Дженнифер өзіне жарасатын стильді сәтті таңдаған. "Әрбір әшекейдің өзіндік үні бар" деп жатады ғой, JLO-ның осы образынан "мен сырттай қанша нәзік көрінсем де, іштей мықтымын" дегенді айтып тұрғандай. Анықтап қарасақ, Jlo-ның қолы сондай нәзік, жіңішке, ал әшекей қалың, формасы үлкен болғанымен көзге ауыр көрініп тұрған жоқ. Өзіне сондай жараса кеткен. Үлкен формадағы әшекей оның қолының нәзіктігін көрсетіп, ерекше сән беріп тұр», ‒ дейді стилист.

Ұлттық әшекейді тек сәукеле мен қазақ көйлекпен кию керек дегенді кім шығарған?!

Ал әншінің қазақ ұлттық әшекейін бодимен үйлестіріп таққанын «ұлттық құндылық қор болды» деп есептеген адамдардың көзқарасына қатысты стилистің өз пікірі бар.

«Мүмкін өздері "тым түзу", ал Jlo "ұятсыз, нашар адам" деп ойлайтын шығар. Сосын ұлттық әшекейді тек сәукеле мен қазақ көйлекпен кию керек дегенді кім шығарған?! Қайда жазылыпты?! Жалпы, адам киімі арқылы ішкі еркіндігін көрсете алады. Образ құрау, жеке стильді қалыптастыра білу де өнер. Үлкен өнер. Спорт шик образында барлығы спорт үлгісінде болуы керек деген ереже жоқ. Образға классиканы араластыруға да болады. Шаблондарды бұзған адамдар спорттық үлгімен туфлиді үйлестіріп киіп алады, мысалы. Немесе кроссымен көйлекті де үйлестіріп, түрлі образ құрастыру да кейде құпталады. Шаблондарды бұзатын бунтарлар аман болсын. Жалпы, аксессуар арқылы немесе қандай да бір элемент арқылы кез келген образдың "градусын өзгертуге" болады», ‒ дейді Н. Бурханова.


Жас қыздар ауыр алтын тақса бүкіл әулеттің жүгін мен көтеріп жүрмін дегендей көрінеді

Назира Бурханова алтын әшекейді қалай тағу керектігі жөнінде кеңес берді. Ол алтын бұйым таққанда киімнің түсімен, стилімен және адамның дене пішімінің, типажының қандай екенімен санасқан жөн екенін айтады.

«Бізде Совет кезінен қалып кеткен мынандай түсінік бар сияқты. Үлкен апалар, аналар алтын тақса қымбат, бай болып көрінеді деп ойлап, «барыңды тағып жарқырап жүрші?» дейді. Олар алтын болмаса басқа әшекейді менсінбейді. Бірақ алтын сенің барыңды көрсетіп қалғаныңды білдірмейді. Кейде жас қыздардың өзі қалың алтын әшекей тағып алады. Жіңішке мойында қалың алтын әдемі көрінбейді. Иә, алтын қымбат, бірақ оны да тағатын кез болады, тақпайтын кез болады. Алтын бәрімен үйлеседі дегенге келіспеймін. Алтынның түсі сары, егер адамның үстінде ақ түсті, немесе алтын түсімен үйлеспейтін басқа түсті киім болса, ол әдемі көрінбеуі мүмкін.

Мойынға қарау керек, киімге қараған жөн. Егер әр киіммен үйлестіретін көп алтыным жоқ десе, әшекей тағатын адам жасына, мойнының формасына қарауы керек. Жастарға жұқалау, нәзіктеу алтын алса әдемі болады. Бірақ драматик типажындағылар алтынды жақтырмайды. Оларға үлкен көлемдегі нәрселер ұнайды. Ал алтын үлкен көлемде әдемі көріне бермейді. Жас қыздар ауыр алтын тақса бүкіл әулеттің жүгін мен көтеріп жүрмін дегендей көрінеді маған. Жарасымды киіну үшін кейде арзан бижутериялар да жеткілікті болады», дейді стилист.

Айта кетейік, танымал әнші Дженнифер Лопес 1 тамызда Астанада, 10 тамызда Алматы қаласында жеке концертін берген болатын. Концерт әншінің Up All Night атты әлемдік туры аясында өтті.


Балжан Жеңісқызы