21 мам, 2021 сағат 10:46

Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату туралы келісімге келді


Израиль министрлер кабинеті Газа секторында атысты тоқтатуды мақұлдады. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың баспасөз хатшысы мәлім етті, деп жазды израильдік БАҚ.

Көп ұзамай ХАМАС діни қозғалысы да ұрыс қимылдарын тоқтатуға дайын екенін білдірді. Қозғалыс өкілі Израиль-Палестина арасындағы әскери әрекеттер басталғаннан 11 күннен кейін бітімге келгенін айтты.

"Атысты тоқтатуға өзара келістік, ол екі жақта да 21 мамырда жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 2-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 5:00-де) күшіне енеді", - деді ХАМАС басшысы Исмаил Ханияның Газадағы өкілі.

ХАМАС атыс тоқтауын "Палестина халқының жеңісі" деп атады.

"Палестиналықтардың қарулы қақтығысы Израиль тарапы тоқтағанша жалғасады", - деді ХАМАС өкілі.

Израиль өз кезегінде Газа Израиль аумағына зымыран шабуылдарын жасаса, атыс қайта жалғасатынын ескертті.

Бейсенбі күні израиль және араб басылымдары да Тель-Авивтің арадағы татуластырушы ел – Египетке атысты тоқтату ниеті жайлы хабарлағанын жазды. Журналистердің мәліметінше, палестиналық ХАМАС радикалды қозғалысы 21 мамырдан бастап атысты тоқтатуға дайын екенін жеткізген. 

ХАМАС-тағы құпия дереккөзі ливандық басылымдарға АҚШ президенті Джо Байден мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасындағы телефон әңгімеден кейін бітім жайлы ақпарат шыға бастағанын айтқан. Байден Нетаньяхуға қысым жасады деген жорамал да бар.

Кейбір ақпарат құралдарындағы мәлімет бойынша, бітістірушілер палестиналықтардан атысты бірінші тоқтатуын сұраған, алайда ХАМАС ұсыныстан бас тартып, тараптар шабуылды бір мезгілде доғаруы тиіс деген. 

Тараптар арасында бітім ұзақ уақытқа созылуы үшін Египет Израиль және Палестина өкілдері арасында кездесу ұйымдастыруға күш салады деген де ақпарат бар. 

Дегенмен келісім жайлы ақпараттарға қарамастан бейсенбі күні кешке Газа секторынан Израиль жаққа қарай зымырандар жіберілген. 

Өткен аптаның дүйсенбісінен бері Израиль мен палестиналық топтар бір-біріне кезек-кезек аяусыз соққы жасап жатыр. Израиль жағына қарай 4 мыңнан астам зымыран ұшырылған. Кейбірі ғана нысанаға жеткен. Бірқатар қалалар бүлінген, соңғы мәлімет бойынша Израильдің 12 тұрғыны қаза болған. Өз кезегінде Израиль әскері де Газадағы ХАМАС радикалды тобының нысандарына соққы жасап жатыр. Алайда қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар аз емес. Газада барлығы 220-дан астам адам опат болған. 

Сарапшылардың айтуынша, бұл - 2014 жылдан бергі осы аймақта болған ірі қақтығыс. Оған Шығыс Иерусалимнен бірнеше палестиналықты көшіру туралы сот шешімі түрткі болған.