15 мау, 2021 сағат 18:25

Израиль халқы бұдан былай маска киюге міндетті емес, Непалда дәрі-дәрмек тапшы


Коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға шолу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Вакцинация төлқұжатымен Прагаға. Чехия «Спутник V» немесе Sinopharm вакцинасын алған Словакия, Венгрия және Сербия тұрғындарына ПТР зерттеудің теріс нәтижесі бар анықтамасыз, сондай-ақ, міндетті карантинсіз елге кіруге рұқсат берді. 

Бұл туралы Чехияның денсаулық сақтау министрі Адам Войтех мәлімдеді.

Бетперде кию талабы алынды. Бүгіннен бастап Израильдің тұрғындары қоғамдық орында қорғаныс маскасын киюге міндетті емес. 

Бұл – коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген соңғы шектеулердің бірі. 

Тек шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салатын талаптар алынған жоқ. 

Израильге тек ерекше отбасылық немесе жұмыс жағдайлары бойынша кіруге рұқсат етілген.

Непалда коронавирус инфекциясымен күресті жүргізуге қажетті дәрі-дәрмек тапшы. 

Пандемия салдарынан ауруханаларда бос орын жоқ. Мұнда ең қажет деген дәрі-дәрмектер мен құрылғылардың тапшылығы байқалуда. 

Халықаралық ұйымдар қауымдастықты Непалға гуманитарлық көмек ретінде оттегі баллондарын, өкпені жасанды жолмен желдету аппараттарын және COVID-19-ға қарсы екпелерді жеткізуге шақырады. 

28,6 млн халқы бар Непалда соңғы тәулікте коронавирустық инфекцияға шалдығу жағдайларының саны 2 049-ға артып, 610 521-ге жетті.