Бүгін IX Азаматтық форум жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғам және мемлекет: #Birgemiz әріптестік пен дамудың 30 жылы» деген тақырыппен 5 күнге созылатын форумның бірінші күнінде 7:00-де аймақтық форумдарға шолу көрсетілімі болды. Одан кейін ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен «Ресурстық орталықтар - азаматтық бастамаларды тарту орталықтары» тақырыбында подкаст өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғам» сараптама алаңында форум қатысушылары парақорлықпен күресудің тиімді әдісін және қоғамда осы әлеуметтік зұлымдыққа төзбеушілікті қалыптастыру тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ «Қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру тәжірибесі мен практикасы», «Пікір көшбасшыларының аудитория алдындағы азаматтық жауапкершілігі» тақырыптарында пікірталас өтеді.
LIVE режимінде «Азаматтық қоғам. Мәселелер мен алдыңғы көрініс» атты сараптама алаңы жұмыс істейді. Мұнда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мен Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның кездесу-талқылауы өтеді. Бұл - қызықты спикерлермен әңгімелесудің және оларға тікелей сұрақтар қоюдың бірегей мүмкіндігі.
Сонымен қатар, Азаматтық форумның бірінші күні министрлердің үкіметтік емес сектор өкілдерімен кездесулері өтеді. ҮЕҰ кездесулерді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров өткізеді.
Азаматтық форумға қатысушылар онлайн режимінде барлық спикерлерге сұрақ қойып, қорытынды шығарып, алдағы жұмыс жоспарларын талқылай алады. Бірінші күннің соңында «ҮЕҰ және бизнес, екіжаққа тиімді әріптестікті қалай орнатуға болады» атты екі сағаттық тренинг болады.
Әр түрлі форматтағы алаңдар: тренин, пікірталас, бейне подкаст, зум-кездесулер Facebook, Youtube, Instagram желіcінде онлайн режимде көрсетіледі.
Форум бағдарламасы және қатысушыларды тіркеу форум сайтында қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы Азаматтық форум 2003 жылдың 14 қазанында өтті. Осы уақыттан бастап еліміздің үшінші секторын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Қазір Қазақстанда 22 000-нан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген.