Миланда жекеменшік ұшақ әуежайдан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай кеңсе ғимаратына соғылған. Борттағы сегіз адамның барлығы қаза тапқан. Ғимарат бос болған, жерде ешкім зардап шекпеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Ұшақ Миланның Линате әуежайынан ұшып шыққан және Сардиния аралына бет алуы керек еді, бірақ Миланның шетінде құлаған.
Куәгерлердің айтуынша, ұшақ үйге құлап, жарылған.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, қаза тапқандардың ішінде бала да бар.
«Ұшақ қозғалтқыштарын өшіргендей дыбыс естідім. Содан кейін өте қатты жарылыс болды. Әйнектеріміз дірілдеді. Мен терезені ашып, будақтаған түтіннің көтеріліп жатқанын көрдім», - деді Рейтер агенттігіне жергілікті тұрғын Джузеппе.
Rai TV телеарнасы хабарлағандай, ұшақ бортында француздар болған, бірақ бұл ақпарат ресми түрде әзірге расталған жоқ.
Апат Миланның оңтүстік-шығысындағы Сан-Донато Миланезе метро станциясына жақын маңда болған.
Ғимараттағы өрт көп ұзамай сөндірілді.