Италияда Милан қаласының оңтүстік шетінде 18 қабатты тұрғын үйде өрт тұтанып, ғимарат толығымен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters-ке сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, 15-қабатта басталған өрт ғимараттың қаптамасы арқылы ішке жылдам тараған.
Өрт сөндірушілердің жұмысын көзді ашытқыш түтін мен қызған қаптама бөлшектерінің жерге құлауы қиындатқан. Сондай-ақ жалын ғимараттың маңына тұраққа қойылған бірнеше автокөлікті шарпыған.
Өрт салдарынан қаза тапқандар жоқ, алайда бірнеше адам түтінге тұншығып, зардап шеккен.
«Өрттің себебі енді анықталады, жалынның ғимаратты жалмауы оның термиялық қапталғанынан болуы мүмкін», - деп мәлімдеді Римдегі ішкі істер министрлігінің қызметкері Карло Симба.
Ғимараттың құрылмасын тексерген мамандардың айтуынша, жақын арада ол толығымен құлауы мүмкін, өрт металл қаңқаға едәуір зақым келтірген. Ғимараттың құлауы көрші үйлерге де қауіп тудырады, сол себепті құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялады.