23 қар, 2020 сағат 09:38

Ішкі істер министрлігі Zoom арқылы онлайн қабылдау өткізеді

26 қараша күні ҚР Ішкі істер министрлігі, аумақтық органдар мен ішкі істер бөлімшелері және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері алғаш рет ZOOM платформасы арқылы азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен ІІМ, аумақтық органдар мен ішкі істер бөлімшелері және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері 26 қарашада алғаш рет ZOOM интернет платформасы арқылы азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізеді. Шараның негізгі мақсаты – халықпен кері байланысты қамтамасыз ету, олардың проблемалық мәселелерін шешу, сондай-ақ «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған сенім деңгейін арттыру», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрлікте өткен онлайн брифингте. 

ZOOM платформасында министр мен оның орынбасарлары үшін аумақтық департаменттер басшылығы қосылатын жеке байланыс арналары іске қосылады. Тіркелген азаматтар мен шараның басқа да қатысушыларына конференция идентификаторлары, қосылу әдістері мен құпиясөздер алдын ала жіберіледі.

Қабылдау уақыты:

- ІІМ басшылығы – сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін.

- аумақтық ішкі істер органдары мен бөлімшелерінің және қылмыстық-атқару жүйесінің басшылары – сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін.

Министрдің, полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері басшыларының қабылдауына жазылу үшін 23-25 қараша аралығында ІІМ порталындағы, министрліктің әлеуметтік желі парақшаларындағы және Polisia.kz сайтындағы телефондарға, электрондық пошта мен WhatsApp-нөмірлеріне хабарласу қажет.