ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әлеуметтік желіге неліктен тіркелмейтіндігінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаламағанымнан емес. Өйткені, біздің бөлімшелеріміз өте үлкен. Ішкі істер министрлігінің жеке құрамында 148 мың қызметкер бар. 4 ірі бөлімше - бұл полиция бөлімшесі, Ұлттық гвардия, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті және Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет. Өте көп оқиға орын алып жатады. Ел аумағында бір тәулікте 400-500, жылына 230-240 мың қылмыс орын алады. Сондықтан тек менің блогыма ғана күнделікті 500-ге дейін сауал түседі. Егер өзіме аккаунт ашатын болсам, онда 24 сағат сонда отырып, сауалдарға жауап беруіме тура келеді», - деді Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Министрдің айтуынша, азаматтардан келіп түсетін түрлі сауалдарға тыңғылықты жауап беру үшін арнайы департамент құрылған. Оның құрамына әлеуметтік желіге мониторинг жасау тобы және басқа да қызметтердің өкілдері кіреді.
«Ішкі істер министрінің тікелей атына келіп түсетін шағымдар мен жүгінулерді өзім қарап, қолымды қоя отырып, жауап беремін», - деді ол.