12 жел, 2020 сағат 13:38

Иранда өлім жазасына кесілген оппозициялық журналисті дарға асты

Иран билігі онлайн жұмысы 2017 жылы жаппай наразылыққа шығуға алып келді деген диссидент журналист Рухолла Замды өлім жазасы үкімімен дарға асты. Бұл туралы 12 желтоқсан күні ISNA ақпараттық агенттігі хабарлады.

Осыдан бірнеше күн бұрын Иран жоғарғы соты 47 жастағы журналистің үкімін күшінде қалдырған. Соттың бұл шешімін халықаралық қауымдастық сынға алды.

Рухолла Замды өлім жазасына маусым айында Революция соты кескен. "Шекарасыз тілшілер" (RSF – Reporters without border) ұйымы үкімді әділетсіз деп атады.

Революциялық сот журналисті "зұлымдық пен зорлықты таратты" деп айыптады. Иранда бұл айыпты әдетте тыңшылық жасау не билікті төңкеру істері бойынша тағады.

Рухолла Зам негізін қалаған AmadNews сайты мен Telegram-канал 2017 жылғы наразылық кезінде халыққа қарсылық акциясының өтетін уақыты жөнінде хабар беріп, Иран шенеуніктерін масқаралайтын ақпарат жариялап отырды.

Ирандағы 2017 жылғы наразылық 2009 жылдан бергі ең ірі қарсылық болды. Сайлау нәтижесінен кейін елде толқу болып, полиция мыңдаған адамды қамауға алды, 25 адам қаза тапты.

Зам Парижде тұрып, сол жақтан жұмыс істеген. Бірақ кейін Иран билігі оны айла арқылы елге келтіріп, 2019 жылы қазанда белгісіз жағдайда қамауға алған. Франция билігі Тегеранның бұл әрекетін қатаң айыптады. Одан кейінгі айларда Иран телеарналары Замның заңды бұзғанын мойындап, әрекеті үшін кешірім сұрайтын видеосын жариялады.

Оған дейін ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Иран тұтқындарды қысым не азап арқылы "кінәсін мойындатуға" жиі барады.