16 жел, 2019 сағат 07:42

Иран өз тарихында тұңғыш рет қазақ күресінен жүлдегер атанды

Иран өз тарихында тұңғыш рет қазақ күресінен медаль жеңіп алды. Иран Ислам Республикасының ИРНА ресми ақпарат агенттігінде осындай материал жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ирандық спортшы Яздан-панах жартылай финалда қазақстандық қарсыласына есе жіберіп, қола медаль жеңіп алды. Осылайша ол Иран тарихында бірінші болып қазақ күресінен жүлдегер атанды.

15 желтоқсанда Қазақстанда қазақ күресінен әлем чемпионаты басталған болатын. Ақтөбе қаласында өтіп жатқан Әлем чемпионатына 40-тан аса елдің спортшылары қатысуда. Олардың қатарында Украина, Грузия, Аустрия, Норвегия, Эстония, Франция, Ирландия, Германия, Пәкістан, Өзбекстан, Иран, Ұлыбритания, Қырғызстан, Үндістан, Литва, Словения, Ресей және басқалар бар.

Qazaq Kuresi — спорттың ең ежелгі түрлерінің бірі. Ол бүгінде тек Қазақстан ғана емес, басқа да елдерде танымал. 2016 жылы UNESCO қазақ күресін адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының қатарына енгізді», - деп жазады ИРНА.

Еске сала кетейік, кеше Ақтөбе қаласында Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған қазақ күресінен әлем чемпионаты басталды. Жексенбі - жарыстың бірінші күнінде 55, 60, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ бойынша жеңімпаздар анықталды. Ақтық сынға қазақстандық үш балуан шықты. Олардың қатарында Дәулет Ниетбай (55 келі), Нұрым Сәлімгереев (100 келі) және Руслан Әбдіразақов (100 келіден жоғары) бар. Үш спортшымыз да «алтыннан» алқа тақты.

Qazaq Kuresi халықаралық федерациясы ұйымдастырған чемпионаттар тарихында алғаш рет төрешілер құрамына Қырғызстаннан келген әйел төреші қосылды. Жарыстың бас төрешісі - Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, PhD доктор Ербол Мырзабосынов.

Qazaq Kuresi халықаралық федерациясы спортшыларды алтын, күміс, қола медальдан бөлек, үздік техника, әдемі лақтыру және 2019 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жету ниеті үшін де марапаттайды.