21 қаң, 2021 сағат 15:03

Ирак астанасында екі жарылыс болып, кем дегенде 23 адам мерт болды

Ирак ішкі істер министрлігінің мәліметіне сенсек, бейсенбі күні ел астанасында екі жанкешті лаңкес жарылыс жасап, салдарынан 23-тен астам адам мерт болған. Кем дегенде 50 адам жарақат алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Daily Sabah агенттігіне сілтеме жасап.

Үш полицей Бағдат орталығындағы сауда орталығында екі жарылыс болғанын айтты. Ирактың мемлекеттік телеарнасы жарылыстарды жанкешті лаңкестер жасағанын хабарлады. 

Жарақат алғандардың көпшілігінің жағдайы ауыр. Айтарлықтай материалдық залал келтірілгені хабарланды. 

Қауіпсіздік күштері осы аймақты қоршауға алды, жедел жәрдем қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсетуде. 

Министрліктің мәліметінше, алғашқы жанкешті лаңкес базарға баса көктеп кіріп, айналасына мүмкіндігінше көп адам жиналуы үшін өзінің жағдайы жаман екенін айтқан. 

«Содан кейін ол өзін жарып жіберген. Кейін екінші жанкешті лаңкес өз бомбасын іске қосқан» делінген министрлік хабарламасында.