
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 75,2 пайызға ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биылғы қаңтар айында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көрсеткіштерін баяндау кезінде мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 0,8 пайызға, 142,1 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, өсімдік майын өндіру көлемінің 26,7 пайызға, қызылша қантының 25,1 пайызға, сары майдың 16,3 пайызға, жарманың 11,3 пайызға, өңделген сүттің 3,2 пайызға, өңделген күріштің 2,3 пайызға, ірімшік және сүзбенің 0,8 пайызға артқаны байқалды», - деді министр.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 75,2 пайызға ұлғайып, 19,9 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 11,2 пайызға артып, 3,5 млрд теңгені құрады.
