26 мам, 2020 сағат 09:52

Індеттен көз жұмғандар жерленген зиратта 32 қабір бар – әкімдік жағдайды түсіндірді

Алматыда COVID-19 індетін жұқтырған 32 адам көз жұмды. 22 адамның өліміне басқа аурулар себеп болды. Бұл туралы қала әкімшілігі мәлімдеді.

Алматы әкімдігі коронавирустан қайтыс болғандарға арналған зиратқа кім жерленгенін түсіндірді.   

"Қалада COVID-19 инфекциясынан 10 адам көз жұмды. Қалғандарына коронавирус дерті қосалқы диагноз ретінде қойылған. Алматыда мұндай 22 адам бар", - деп түсіндірді әкім орынбасары Ерлан Қожағапанов.

Жуырда БАҚ бетінде Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылына жақын маңда орналасқан COVID-19-дан қайтыс болғандарды жерлейтін полигонда 30 зират бар екені және тағы 12 мола дайындалып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті ол жерде алты адамның жерленгенін хабарлады.

Мамандар кей жағдайда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың өліміне басқа ауру себеп болатынын айтады. Сондықтан қайтыс болғандар мен жерленген адамдардың саны әртүрлі болуы мүмкін. Өлімнің негізгі себебі мен диагнозы өлімнің себептерін анықтау жөніндегі комиссияның қорытындысына сәйкес айқындалады.

Айта кетейік, наурыздың соңында санитар дәрігерлер коронавирустан қайтыс болғандарға арналған полигонды анықтады. Зираттың қаланың сыртында екені, айналасында жақын жатқан елді мекеннің жоқ екені айтылды. Полигон барлық қауіпсіздік ережелері бойынша қаладан оқшауланған.

Коронавирустан қайтыс болғандар қалай жерленеді?

Коронавирус жұқтырған адам қайтыс болған жағдайда мәйіт ашылмайды және кремацияланбайды. Мәйіт дереу дезинфекцияланады. Сондай-ақ бір жерде көмілетін мәйіт саны белгіленген, одан артық адамды бір жерге жерлеуге шектеу қойылған.

Аса қауіпті инфекция бар мәйітті көметін кезде қабылданатын барлық қажетті шара қолданылады.

Табытсыз (ұлттық әдет-ғұрып бойынша) көмілген кезде денені бактерицидті дезинфекциялық ерітіндіні сіңдіріп алатын матаға орайды. Содан кейін денесі полиэтилен пленкамен оралып, тығыз матамен қайта оралады.

Қайтыс болған адамның денесі жерлеу орнына металл немесе тығыз жабылған ағаш табытпен тасымалданады.

Жерлеу рәсімі кезінде денесі, табыттың беті жабық болуы қажет. Жерлеу рәсіміне марқұмның жақын туыстары ғана қатыса алады.

Тасымалдау және жерлеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау үшін топ жасақталады, оған 5-7 адам кіреді, оларға санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары еріп жүреді.

Жерлеу процесіне және көмуге қатысқан адамдар 14 күн медициналық бақылауға алынады.

Айта кетейік, 26 мамырдағы жағдай бойынша Алматыда коронавирус инфекциясы 2 276 адамнан табылды,  ішінде 1 276 науқас сауығып шықты, 10 адам көз жұмды. Ел бойынша COVID-19 инфекциясы 8 969 адамда анықталды.