#
#
Жексенбі 11/04/2021

"Індет өршіп барады". Тоқаев қандай тапсырмалар берді?

  • 01.04.2021
  • 0
  • 1221

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өтті. Tengrinews.kz агенттігі кеңесте Мемлекет басшысы қандай мәселе көтергенін, кімге сын айтқанын, қандай тапсырма бергенін баяндады. 

Президент "жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес" деді. Тіпті, ахуал өте күрделі екенін айтты. Дегенмен сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, қашан жағдай тұрақталатынын болжады. 

"Коронавирус індеті қайта өршіп барады. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген ел бастан өткеріп жатыр. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр.

Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтырып отыр.

Дегенмен көптеген сарапшының айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар", - деді Тоқаев.

Вакцинация бойынша Алексей Цой мен үкіметке сын айтылды  

Президент Қазақстан халықты иммундау, яғни вакцина салу қарқыны бойынша көшбасшы мемлекеттерден едәуір артта қалғанын атап өтті. Бүгінгі таңда иммундау курсын 47 мыңға жуық адам аяқтаған (бірінші компоненті - 137 346 адам). Айтуынша, бұл жағдайдың себебі - вакциналардың жетіспеуі. Осылайша Мемлекет басшысы вакцинаға байланысты үкіметті сынға алды. 

"Үкімет "Спутник V" және отандық вакцина өндірісі туралы келісім елдің вакцинацияға деген мұқтажын толықтай өтейді деп сендірді. Осы ақпарат негізінде мен 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинация жарияладым. Екі айдан кейін халықтың 0,1 пайызынан азы вакцина салдырды! Енді мен басқа мемлекеттердің басшыларымен тағы қосымша вакцина жеткізу туралы келіссөз жүргізуім керек... Біз тез жеткізу үшін тиімсіз коммерциялық және қаржылық жағдайларға келісуге мәжбүрміз", - деді Тоқаев коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңесте.

Мемлекет басшысы вакцинация деңгейінің төмендігі абстрактілі проблема емес және бұл елдің ұлттық қауіпсіздігі екенін айтты.

Сонымен қатар, Президент денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен үкіметке ескерту жасады. Цойға жағдайды реттеу үшін бір ай уақыт берілді. Әйтпесе, кадрлық ауыс-түйіс болатынын ескертті. 

"Алексей Владимирович, мен сізге бұған дейін осы кезеңде денсаулық сақтау министрі Үкіметтегі басты тұлға, сіздің ерекше өкілеттіктеріңіз барын айтқанмын. Сіз жұмысты жақсы бастадыңыз, бірақ содан кейін айналым айтарлықтай төмендеді…

... Сәуірде жағдайды өзгертуіңіз керек. Әйтпесе, сізді кадрлық ауысулар қатты ренжітеді. Бұл тек денсаулық сақтау министріне емес, жалпы Үкіметке қатысты", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы азаматтарды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттен аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар, тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек екенін айтты. "Осы маңызды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қолдайтын белсенді азаматтарды тартқан жөн" деді.

"Бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды. Өйткені, ұжымдық иммунитет қалыптаспай, санитарлық шектеуді толығымен алып тастау мүмкін емес. Қызметкерлермен және олардың отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмысын жүргізу қажет", - деді Тоқаев.

"Рейд кезіндегі заңбұзушылықтарды хабарлайтын колл-орталық жұмыс істеуі керек"

Президент мониторинг топтарының жұмысын реттеуді тапсырды. Себебі, оның айтуынша, олардың жұмысы ашық емес, бір мекемені тексере берсе, екіншісі мүлде қараусыз қалады. 

"Шектеулер мен рейдтер айтарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Мониторинг топтарының жұмысы кейде таңдамалы сипатқа ие, ашық емес - кейбір мекемелер үнемі тексерілсе, басқалары мүлдем тексерілмейді.

Прокуратура жанында колл-орталық жұмыс істеуі тиіс, онда рейдтер кезіндегі заңбұзушылықтарға шағымдармен хабарласады. Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия әкімдермен бірлесіп мониторинг топтарының жұмысын ретке келтіруі тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Кеңесте шағын және орта бизнес үшін не айтылды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес үшін несие төлемін кейінге қалдыруды пысықтауды тапсырды.

"Бірінші, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банкке экономиканың зардап шеккен секторларында, шағын және орта бизнес субъектілерінде несие бойынша төлемдерді кейінге қалдырумүмкіндігін пысықтауды тапсырамын.

Екінші, салық және кеден қарызын мәжбүрлі өндіріп алуды тоқтата тұру. Бұл шаралар жаппай вакцинация басталғанға дейін және көптеген шектеуді алып тастағанға дейін уақытша әрекет етуі керек", - деді Тоқаев.

Тоқаев Үкіметтің пандемиямен байланысты жағдайды сәуірдегі жаппай вакцинациялау арқылы жақсартамыз деген сенімін ескере отырып, мамырдан бастап шағын және орта бизнес субъектілерінің, оның ішінде қызмет көрсету саласындағы шектеулерді біртіндеп алып тастауға мүмкіндік болады деген үміт барын айтты.

"СҚ-Фармацияның" жаңа басшылығы қызметінен босатылуы мүмкін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "СҚ-Фармацияның" жаңа басшылығына мүмкіндіктерін көрсететін сәт келгенін айтты.

"Кейбір өңірлерде жеке қорғану құралдарының тапшылығы немесе сапасының төмендігі байқалып жүр. "СҚ-Фармация" басшылығын ауыстырдық. Дәл қазір жаңа басшылықтың басқару мүмкіндіктерін көрсететін сәт келді. Олай болмаған жағдайда - орынды босату керек", - делінген Президенттің Twitter-де жариялаған дәйексөзінде.

Шетелден анықтамасыз келген жолаушылар саны артты

Тоқаев ПТР-анықтамасыз келген жолаушылар бойынша статистика келтірді.

"Ақпаннан бастап ПТР-анықтамасы жоқ авиажолаушылар саны екі есе өсті. 2020 жылдың қарашасында ҚР-ға ПТР-анықтамасыз келген адамдардың үлесі 7,3 пайыз болса, қазір ол 27 пайыз!

Саларынан, елде барлық үш мутацияланған контагиозиясы жоғары штамм расталды. Инфекцияның жалпы өсуі ауыр және өте ауыр жағдайдағы пациенттердің көбеюімен, сондай-ақ өлім жағдайларының өсуімен қатар жүреді…", - деді Мемлекет басшысы.

Реанимация бөлімшелерін жабдықтау бойынша тапсырма берілді. 

"Сонымен қатар дәрілік препараттардың да, медициналық бұйымдардың да, жабдықтардың да жетіспеушілігі тіркелді. Орташа алғанда, реанимация бөлімшелері талап етілетін стандарттар бойынша 64 пайызға ғана жабдықталған.

Үкіметке және өңірлердің әкімдеріне реанимация бөлімшелерін жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды және бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларының дербес жауапкершілігін бекітуді тапсырамын", - деді ол.

Президент өз сөзін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қорытындылады. "Бұл жыл пандемиямен күрестегі түбегейлі бетбұрыстың және коронавирустан біржола арылудың жылы болуға тиіс деп санаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар