18 ақп, 2019 сағат 08:36

"Иман" сөзінің көне ұғымы қандай?

Сөздің ұлттық сипатынан гөрі сырттан кірген діни ұғым екені көрінеді. Арабша-қазақша сөздікте: иман(ун). иман – 1) наным, сенім; 2. діни. ниеттілік, парасаттылық. «Иман» – араб сөзі, оның қазақшасы – нану, сену. Иманды – 1) діндар, діншіл; 2) ауыс. таза, адал(АҚТС 1-том. Н. Оңдасынов. 1984). Қазақ тіліне ислам дінінің енуімен бірге келген сөз болар, бүгінде қазақ ұлттық танымындағы «ар, ұят» ұғымдарының синонимі іспеттес жұмсалады. Одан тағы да «сенім, адалдық» мәндерін ашады. Осы секілді ұғымдардың синонимі  ретінде тілдік ареалымызда ертеден қолданылып жүр. Оны өткен кезеңдердегі әдеби тілімізден де байқаймыз.                                                                                           

Абайдың ең жиі қолданған сөздерінің бірі – иман, оны ақын өз тіліне 59 рет үйірген. Имандылық – гуманизам шарты. Имандылыққа шақыру, оны үгіттеу, оны таныту – гуманист суреткердің міндеті. Міне, Абай осы үдеден шыққан. Иман сөзі о баста «ислам дінінің бес парызының бірі» дегенді білдіргенімен, ал діни терминдік мағынасы, Абайдың түсіндіруімен айтсақ, «Алла табарака уа тағаланың... бірлігіне, барлығына... жіберген жарлығына мойынсұнып, иланбақ» болғанымен, бұл сөз қазақтың халық тілінде жалпы «адамгершілік», «ізгілікке деген сенім» ұғымында жиірек қолданылған. Абайдың өзі: Ескендір патшаға Аристотель аузымен: «Ұятың мен арыңды малға сатып, Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер» дегізгенінде, иман сөзі таза діни нанымды ғана емес, ар, ұят сияқты адамгершілік қасиетті атап тұр. Бұл сөздер қазақ поэзиясында бұрын да кездескенімен, дәл Абайдағыдай бір ақынның өлеңдері де 30-40 реттен орын алмағандығын білеміз («Абайдың сөз өрнегі». Р. Сыздық. Алматы. 2014ж. 67 бет). Абайдан бұрын Иассауи тілінде де жиі қолданыс тапқан. Бірақ ол кезеңді жаңа әдеби тілімізге жуықтамайтындықтан, тексерудің аса қажеті болмас. Жалпы Абай қолданысы бүгіндегі қолданыспен толық сәйкес келеді. Жеке авторлардың емес, жалпы қазақ танымындағы қолданыспен бірдей. Қазіргі тілдік аямызда «иманды болсын, иманы жолдас болсын» деген тіркестермен көрініс тауып жүр. Жалпы семантикасы: «ар-ұяты, сенім-наным» ұғымдарымен өлшенетін тіршілікте жасаған «дұғасы» деген сипатта қолданыста.

Қазақ танымында ұғынылатын иман сөзінің семантикасымен деңгейлес қазақ әдеби тілінде көп қолданыла бермейтін илан «илану ~ сену» деген сөз бар. Қарап отырсақ, «иман» мен «илан» сөздерінің мағыналары бірдей: сену, нану, сенім білдіру». л/м сәйкестікті фонетикалық сәл ғана ерекшелігі болмаса тұлғалық жағынан да тым ұқсас. Тұлғалар бір лексика-грамматикалық қайнардан шыққан варианттар болуы әбден мүмкін. Иман сөзін араб тіліне жатқызып жүрміз, діни сипаты тағы бар. Бір ұғымды беруде қазақ тілінің элементімен ұштас келуі, сірә, арабизмдердің келмей тұрып көне түркі тілдік қорының өзінде осы тұлғалар бастау алатын байырғы түбір болса керек-ті. Ол жағын болжам деп қана қалтыра тұрып, келешек зерттеуімізге міндет етеміз.

Ал, «адамгершілік, адалдық, ар, ұят» ұғымдарына келгенде «илан» сөзінің лексика-семантикалық жолы бөлек. Бұл сөз тек «сену, нану» деген синонимдік қатарды ғана қамти алады. Илан тұлғасының арғы құрылым мән-өзегіне жетуге әзірге салыстырмалы-тарихи қабілетіміз жетіңкіремейді.  Алдымен «иман» тұлғасын зерделейміз.  Актив тұлға көне «и» түбір-форманты мен «ман» сөзінің бірігуінен жасалған. Осы күнде қолданылып жүрген оралман, оқырман, тыңдарман, көрермен, жайдарман т.б сөздерінің құрамында кәсіптік-қызметтік мағына берген. Ман сөзі англо-саксондық тілдерде «man» адам дегенді білдіреді. Қазақ ғалымы С. Аманжолов болса ман сөзін араб-парсыдағы «адам» ұғымын көрсететін «-мән, -умән, -умәнд» қосымшасынан қалыптасқан десе, белгілі ономастик Т. Жанұзақов көне оғыз тілінде барын айтады. Бұл тұрғыдан алсақ, «иман» сөзінің арғы ұғымы қазіргіден өзгеше.  И+ман – «и» компонентін араб тіліне тән формант деп қарастыра тұрамыз. Мұндай түбір тұлғасы дербес сақталмаған. Тек қосымшалы қызметтегі сөз аяғында кездесетіндігін байқаймыз. Араб тілінің табиғатына тән атау-есімдердің соңына жалғанып, есім-сой ұғымын танытатын «ұлы, баласы, ұрпағы» (Абай Құнанбайұлы, Бауыржан Момышұлы д.с) деген мағыналарды береді. Мысалға, араб антропонимдерін алып қарасақ, Әл-Бируни, Әл-Муқадиси, Әл-Истахри, Әл-Жувейни, Әл-Тирмизи, сол сияқты түркілік есімдер: Ахмет Йассауи, Махмуд Қашқари, Сүлеймен Бақырғани, Фирадауси, Әлішер Науайи т.с.с. «и» формантының ертеде, «ұлы, баласы» туыстық мағыналардан бұрын «ұлы – (ұлы адам), ер – (ұл, еркек)» деген индивидтік ұғымдарды білдіретін семантикасы болған сыңайлы. Сонда, қазіргідегі сын есімдік мағынасын бұрын, түпкі қызметі зат есімдік – антропонимдік атау болған. Иман ˃ Ұлыман ˃ Ерман. Антропоним «ұлы» (ұлы Абай) сөзінің лексика-грамматикалық вариантының бірі – ұлық. Түркілік –қ, -ты форманттармен келетін ұлық, ұлықты варианттары да өрістеп дами береді. Сонымен, иман сөзінің арғы ұғымы бүтін антропонимдік атау дедік. Түпкі лексикасы антропоөзектік қатарларды көрсеткен. Үндіиран оған жалғас шумер-түркі мифологиясында аталатын Йима есімі де осы сөздің тұлғасы мен арғы лексика-семантикасына, жалпы шығу тегіне қатысты болуы ғажап емес. Тек оны терең зерттеудің арқасында жетеміз. Мифтік-тілдік ареалда «ұлыман//ұлықадам//ерман» деп дәріптелетін адам есімі де көне кітаптарда(Авеста, Заратуштра) ерекше аталатын «йима»-ға қатысты қолданылады. Ұлыман – «ұлы адам». Біздегі «ұлықпан» атау-есімі осы сөзден қалыптасқан болу керек. «Ұлыман//Ұлы адам» деп жалпы қандай адамды айтамыз? Қазақ танымында «ақыл, білімі, адамгершілігі жоғары, парасат, пайымы жетілген, данышпан», тағы сол сияқты даралық сипаттарын толтырып айта беруге болады. Сөз өзінің мән-тұлғасын осындай сын-сипаттымен ғана өз семантикасын бере алмақ. Ондай болса, бұл зат есімдік атаудың сын есім табын білдіретін мағыналарға ауысып кетуі оңай. Және ол сындық ұғымдары адамға ғана қатысты өзектік ұғымдар. Иман сөзінің арғы лексикалық тұлғасының бір варианты «ерман» болу мүмкіндігін көрсеттік. Ер моносиллабы Орхон жазба ескерткішінде актив қолданылған сөз: «Інім Күлтегін жиырма алты жасында эр атанды...» деген жолдар бар. Жалпы, ер сөзі көне түркі тілінен бері келе жатқан ең жетекші бірлік. Ер түбір сөзі көне түркі тілінен бері қарай мағынасын бірде-бір рет жоймай семантикасындағы экспрессивтік-танымдық ұғымдарын таза күйінде алып жеткен белсенді тұлға. Көне түркі-қазақтық «ер» жетекші моносиллабы әлем тілдерінің біраз топтарында есім сөз, қызметтік-кәсіптік мағына жасаушы актив формант. Ондай қасиетін англо-саксон, герман, фин-угор тілдерінен жиі кездестіреміз: writer, super, runner, driver, speeker, reader, beginner, lecker, muster, totscher. Еуроазия кеңістігінде тілдік транзит болғаны анық. Әуелі түркі тілінен басқа тілдерге түрлі қызметтегі сөзжасау тәсілдері болып енген. Түркілік –er лексемасының сөз аяғындағы қосымшалы күйі, жоғарыда көрсеткен араб-парсылық «и» формантының есім-атаулардың соңына жалғанғаны сияқты. Яғни көне «и» түбірінің басатаулары белгілі бір лексикалық кезеңде түркілік қайнардан шыққандығына, әзірше толық кепіл бола алмаймыз.

«Иман» сөзінің арабтық болуын айттық. Сөз құрылымында көне ман элементі жатқаны анық. Араб-парсы тілдер тобына тән тұлғаның бірінші этимондық түбірі көне «и» түбір-форманты. Алғашқы лексика-семантикасы – есім мағына деп топшылаймыз. Сондықтан, «и» түбірі арғы мағынасы жанамаланып жеткен, сол себепті жартылай өлі түбір қатарына жатқызамыз. Түбірге жалғанған –ман компоненті түбір тұлғасымен тұтасқандықтан, бірден байқау да оңай емес. «и» түбірі өзіне жалғанған ман сөзінің ашық семантикасын лексикалық даму барысында көмескілендірген. Салдарынан сөздің бүтіндей лексика-семантикасы антропонимдік сөзден сырғып дерексіз зат есім мен сын есімдерді атайтын мағыналып топқа көшкен. Енді осы сөзбен белгілі бір мағыналық қатарларды көрсететін «илан ~ илану/инану» сөзінің тұлғасы түркілік элементтер, түбір и/е/і/ы варианттарынан дамыған: ил//ел//іл//ыл ˃ бұл түбірлерден дербес мағыналық қатарлар түзіліп, сақталған: иіл, ел, іл – әр сөз табында жұмсалады. «ил» туынды түбіріне көне –ан түбірі жалғанған. Бірақ, илан тұлғасының құрылымын бұлай бөлшектеп қарауға келмейді. Оны лексика-грамматикалық категорияда көне түбірлердің даму үрдісін жеке алып қарастыруда ғана осылай пайдаланамыз. –ан (құлан, жылан, бұлан, қабан, жан, қан, суан т.б)  тұлғасының жалғануы «и+л+ан ˃ и+лан, илан» (лан//ман) сөзінің ертедегі лексика-семантикасы антропонимдік атау болған деп тұжырым жасаймыз.  Бұл сөздер әлі де зерттеуді қажет етеді. «Иман» сөзін салыстырмалы-тарихи жағынан гөрі оның даму қалыптасу жолын әр тілдік кезеңдердегі семантикасын қарау арқылы түп-тегіне көз жеткізе аламыз. Бізді назар аудартқаны қазақ-түркі тіліндегі «илан» сөзімен тұлғалас әрі мағына жағынан жақындығы бары аңғартады. Соның негізінде «иман» сөзінің ең арғы қалыптасу жолы араб-парсылық не түркілік екенін айыра алмай отырмыз. Әлде «варианттылық па?» деген сауал да туады.

Ықылас Әділетұлы,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті