Зілтеміршілер Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло үлкен спортқа қайта оралды. Олар Талдықорғанда жалауын көтерген ауыр атлетикадан жеке командалар арасындағы Қазақстан чемпионатында бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Допинг дауына ілігіп, артынша халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімімен спорттан шектетілген ауыр атлеттер үшін бұл өздерін көрсетудің жаңа бір мүмкіндігі. Сондықтан бұл жарысқа Илья Ильин ерекше дайындықпен келіп отыр. Спортшы 102 кг салмақта өнер көрсетпек.
«Мен өзімнің зілтемір көтеру стилімді толық өзгерттім. Оны өздеріңіз көре жатарсыздар. Дәл қазір жаңа техникамды меңгеру үстіндемін. Сондықтан бәрін уақыт көрсетеді. Мен үшін уайымдап, маған қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін. Сіздер маған күш-қуат бересіздер», - деді Илья Ильин.
Спортшының басты мақсаты бұл додада жақсы өнер көрсетіп, әлем чемпионатына жолдама алу.
Айта кетейік, Талдықорған қаласындағы ауыр атлетикадан жеке командалар арысындағы ел чемпионатына 140-тан астам зілтемірші қатысуда. Жарыс 2 қыркүйекке дейін жалғасады.