Адамзат тарихының жаңа дәуірі басталды. Әйгілі америкалық Space X компаниясының иесі Илон Маск Falcon Heavy ауыр зымыран тасығышын ғарышқа ұшырды.
Зымыран тасығыш 6 ақпан күні Астана уақыты бойынша 02:40-та (16:40 EST) Флорида штатының Канаверал мүйісіндегі Кеннеди космодромынан Жер мен Марс арасындағы орбитаға ұшырылды. Ол Марсқа Tesla Roadster көлігін жеткізеді деп болжануда.
Falcon Heavy әлемдегі ең қуатты және ең көп жүк көтеретін зымыран саналады. Тасымалдаушы 63,8 тонна жүкті жеткізе алады, оны ұшырудың құны – 90-120 миллион доллар.
Ғарыш кемесінің бортына Илон Масктың Tesla Roadster спорттық көлігі тиеліп, скафандр кигізілген қуыршақ адам отырғызылған. "Don't Panic" деген жазуы бар көлік панелінде Дэвид Боуидың "Space Oddity" әні ойнап тұр. Сонымен қатар көлікте арнайы бейнебақылау камералары орнатылған.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр мамыр айында SpaceX Falcon Heavy ауыр зымыран тасығышының орталық блогын сынақтан өткізілді. Space X компаниясы Falcon Heavy-дің үдеткіш блоктарын екінші қайтара ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл іске асса, онда ғарышқа ұшу мен жүк жеткізу бағасы арзандауы мүмкін.