- Халықаралық олимпиадалық комитеттің шешімімен екі алтын жүлдесінен айырылған Илья Ильиннің пресс-атташесі Роман Ильченконың айтуынша, спортшы қазақстандық БАҚ-қа жағдайды түсіндіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Өкінішке қарай, мен онымен әлі сөйлеспедім. Өзім де ештеңе білмеймін әзірге, қазір ғана жаңалықтардан естідік, Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен хабарлап айтты. Оның сұхбат беру-бермеуі әлі белгісіз. Бірақ жоспарда бар», - деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиадалық комитеті тарапынан ағзасынан тыйым салынған препараттардың ізі табылған 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшы Илья Ильинге қатысты жаза қолданылғандығы туралы ресми хабарлама алды.
Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 94 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің «А» және «В» допинг сынамаларының қосымша тексеру қорытындысы бойынша қазақстандық спортшыны сол Ойындардан шеттетіп, көрсеткен нәтижелерінің күшін жойып, жүлделерін қайтарып алу туралы шешім шығарды. Спортшыға қолданылатын жазаның мерзімін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) анықтайды.