16 қар, 2020 сағат 09:11

Іле-Алатау ұлттық паркінде «Эко-Сергек» камералар орнатылады

Алматыда «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту бойынша құрылған Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Шара барысында Іле-Алатау паркі аумағында қалдықтарды бөліп жинау алаңдары таныстырылды. Осылайша, Іле-Алатау қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын толыққанды жасақтаған Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк болып отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасымен парк аумағында барлығы 31 жаңа қалдық алаңдары орнатылып, ӨКМ Операторы (өндірушілердің кеңестілген міндеттемелері) 225 контейнер қойды. Құрғақ және дымқыл қалдықты екі бөлек салып әкету үшін Қазақстанда баламасы жоқ көлік техникасы құрастырылды.

«2019 жылы Ұлттық паркке 300 901 адам келді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта артады деген жолжам бар. Сондықтан 2030 жылға дейін парк аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау деңгейін 85% - ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қалдық алаңдары Алма – Арасан, Мұзтау, Қимасар, Аққайын, Қаскелең, Ақсай, Есік, Түрген және т. б. шатқалдарда орнатылды», - деді «Іле-Алатау» МҰТП Бас директоры Дамир Малгелдиев.

Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев шара барысында сонымен бірге Іле-Алатау ұлттық паркінде 30 «Эко-Сергек» камерасы орнатылатынын хабарлады. Бұл жоба жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асырылады.

«Біз азаматтарымыздың табиғатта тазалықты сақтау мәдениетіне қарап, осындай шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Табиғат аясына демалуға келгендер айналаны ластап, кетіп жатады. Олар темекі тұқылын тастайды, жаққан оттарын өшірмей, өртке себепкер болады. Вандализм фактілері де кездеседі. Әрине, «Эко-Сергекті» енгізудегі басты мақсатымыз айыппұл салу емес, ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу»,- деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Камералар тек туристерді тәртіпке салып қана қоймай, өрт шыққан кезде жедел дабыл қағып, жылдам әрекет етуге, браконьерлерді анықтауға септеспек. Қоқысты сұрыптап тастау алаңдары мен «Эко-Сергек» тәжірибесін біртіндеп басқа ұлттық парктерге де енгізу жоспарда бар. Айтылған ұсыныстар Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан толық қолдау тапты. Түрген, Алма-Арасан шатқалдарында болған экотуризм инфрақұрылымы, экологиялық білім мәселелерін талқылап, ұсыныстарын білдірді.