ҚР Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы шерулер кезінде зардап шеккен сақшылар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкімшілік полиция комитетінің төрағасы 10-11 маусым күндері Алматы көшелерінде не болғанын айтып берді.
«Маусымның 10-ынан 11-іне қараған түнінде Алматы қаласында көлік иелері ені 4 метрге дейін жететін колонна құрып, Төле би және Абай даңғылдарындағы жолды жауып тастаған. Осы көшелердің бойында жаяу адамдар да топтанып жүріп, қиылыстарда көлік кептелісін туғызып, айқай-сүреңге басқан. Көбі өздерін өте агрессивті ұстады. Ал түнгі сағат 1.30-да «Сайран» автобекетінің ауданында заңсыз акцияға қатысушы көлік жол қозғалысын реттеп тұрған жол-патрульдік полиция қызметкерін қағып кеткен. Салдарынан полиция өкілі оң аяғынан жабық жамбас сынығын алды. Жүргізуші қашпақ болғанымен, қолға түсті. Оған қарсы Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша 160 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 40 тәулікке қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.
Бір топ адам мас күйінде полиция көлігінің терезесін таспен шаққан жағдайлар да болды. Заң бұзғандар ұсталды. Заңда мұндай әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің 293 бабы бойынша жаза қарастырылған. Осы жайттардан кейін айқай мен шудан үрейленген қала тұрғындарынан 1000-нан астам арыз түскенін айту керек», - дейді Мақсат Байболов.
Оның айтуынша, әлеуметтік желі месенджерлерінде 11-12 маусым күндері бір уақытта бірнеше қалада көше қозғалысына кедергі келтіру үшін арандату ақпараттары тараған.
«Тіпті полиция өкілдеріне қарсы тұруға шақырулар болды. Бұған дейін сондай шерулердің бірінде жедел әрекет ету жасағының 1 жауынгеріне қарсы арнайы дайындалған баллон қолданылып, салдарынан екі көзін күйік шалған болатын. Бұдан бөлек тас пен таяқ лақтыру оқиғалары кездесті», - дейді полиция өкілі.
Мақсат Байболов полиция өкілдерінің әрекетінде заң шеңберінен шығу болған жоқ деген мәлімет айтты.
«Тіпті полиция өкілдеріне ашық күш көрсету болған кезде де сақшылар арнайы құралдарды қолданған жоқ. Қамауға алынған азаматар заңға сәйкес Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының жақын аудандарына орналастырылды. Ол орындардың барлығына тексеру жүргізілді. Қамаудағылар тарапынан ұстау шарты мен азаптау фактілеріне қатысты шағымдар анықталған жоқ. Барлық қамаудағылар медициналық тексеруден өткізді. Ешкім денсаулық жағдайына шағым айтпаған», - дейді әкімшілік полиция басшысы.
Комитет төрағасы рұқсат елілмеген шеруге, акцияларға қатысу заңсыз екенін қайталай ескертіп, адамдардың қауіпсіздігін шектейтін шараларға қатысу заңмен қудаланатынын атады.
Айта кетсек, аталмыш брифинг барысында бас прокуратура өкілі Сапарбек Нұрпейісов сайлаудан кейінгі шерулерге қатысқан адамдардың қаншасы қамауға алынғаны туралы БАҚ өкілдеріне мәлімет берген болатын.