01 шіл, 2020 сағат 14:27

Halyk Arena COVID-19 госпиталі болуға қалай дайындалып жатыр?

Алматыда Halyk Arena спорт кешені базасында коронавирустық инфекциямен ауырғандарға уақытша госпиталь ашылады. Қазір спорт сарайында дайындық жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Halyk Arena базасында инфекциялық стационар орындарын ашу мәжбүрліктен туған шешім. Ауруханаларда орын жетпегендіктен, осындай қадамға барып отырмыз. Осындай қиын уақытта қала қызметтеріне көмек көрсетуіміз керек. Бұл шара көптеген азаматтардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп сенеміз», - деді спорт сарайының «M-Line Property Management» басқарушы компаниясынан.

Қазір спорт сарайында жұмыс істеп тұрған спорт секциялары, Halyk Arena кешенін жалға алушылар уақытша Almaty Arena кешеніне көшеді. «Спортшыларға дайындық кезеңін үзуге болмайды. Сондықтан, спорт кешенін жалға алушылардың Almaty Arena кешеніне көшуін қарастыруды сұрадық», - деді олар.

Басқарушы компания өкілдері спорт кешенін өзгертуге барынша мұқият болғанын айтты.

«Спорт нысанын госпитальге айналдыру тек орын босату емес, қажетті микроклимат жасау, санитарлық аймақтар түзу, бөлмелердің желдетілуін, тазалығын қамтамасыз ету болып отыр. Басқарушы компания спорт нысанының қайта өз профиліне ешбір нұқсансыз ауысуына кепіл болады», - деді компаниядан.

Айта кету керек, бұған дейін қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров Алматыда коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал күрт нашарласа, HalykArena және Алматы Arena спорт кешендері базасында инфекциялық стационар ашылатынын хабарлаған болатын.