12 қаң, 2023 сағат 12:10

Гүлмира Сатыбалдының ісі Астанада қаралады

Сурет: pixabay

Белгілі кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының ісі Астана қаласында қаралатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 қаңтарда Алмалы аудандық сотында Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты отырыс өтті.

«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына түскен Г. Сатыбалды және басқаларға қатысты қылмыстық іс Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 аудандық сотына жіберілді», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.

Еске салайық, 18 наурызда Астана (Нұр-Сұлтан) қаласының ауданаралық мамандандырылған тергеу соты күдікті Г. Сатыбалдыны 2 айға қамау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

Гүлмира Сатыбалды Универсиада-2017 нысандары қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген.

2022 жылғы 13 мамырда Астана (Нұр-Сұлтан) қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қамауда ұстау түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін 1 ай мерзімге ұзартты.

Астана сотының санкциясымен наурыз айында қамауға алынған Гүлмира Сатыбалдыны күзетпен ұстау мерзімі тағы ұзартылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС компаниясының басшылығына және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша тергеу жүргізді.

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты екі факті бойынша тергеу аяқталды.