Фото: grabliki.ru
Бұл осыдан бірнеше ғасыр бұрын болған оқиға еді. Ресей империясының билігін әкеден балаға, баладан немереге ауысып, үш ғасыр ұстаған Романовтар тұқымы осы оқиғаға байланысты үлкен той жасайды. Бұл ұлан-асыр тойға дүниежүзінің көптеген мемлекет басшылары шақырылып, мерекенің сәнін келтірген. Сондай бір шақырылған қонақ Пруссия мен Германияны кезінде біріктірген темірдей Бисмарк екен. Бірер күн басқалармен бірге көңіл көтеріп, шаршаңқыраған канцлер қасына өзімен бірге келген дос-жарандарын алып, императордың бірнеше гектарға созылған бау-бағын атқа мініп аралап кетеді.Бақта қаншама ағаштың түрі, түрлі шөптің хош иісі адамға сезім беріп, сергіткендей болады.
Орманды аралап келе жатқан Бисмарк бір жерден күзетте тұрған екі әскерді байқайды. Қастарынан өтіп бара жатып, орман ортасында нені күзетіп тұрғандарын сұрайды.
Олар нені күзететінін білмейтін болып шығады. Тек күнде күзет ауысып тұратынын айтады. Бұған қайран қалған канцлер, серуеннен қайтып келген соң, 2-ші Николайдан орман арасындағы күзеттің не үшін қойылғанын сұрайды. Ол да ештеңе білмейтін болып шығады. Ақыры, сарайдағылар сұрастыра келіп, жауабын тапқандай болады.
Осыдан үш ғасыр бұрын 2-ші Екатерина көктем күні бақты аралап жүріп, бір жерден жауқазындардың өсіп, гүл атып тұрғанын байқайды. Сарайдағы дворяндардың балалары үзіп тастамас үшін күзет алдырып, бақылатып қойған болып шығады. Содан кейін ол қойдырған күзетін ұмытып кеткен ғой! 1 жыл, 5 жыл, 10 жыл, 30 жыл, 100 жыл, 300 жыл! Қаншама буын өтті. Күнделікті бұл жерге келетін күзет нені күзететінін де ұмытқан. Әйтеуір, осы араға күзет тұруы тиіс. Масқара болғанда, егер Бисмарк болмағанда бұл жалғаса берер ме еді?!