06 там, 2021 сағат 16:41

Грекияда өрт бақылаудан шығып кетті: 2 қаланың тұрғындарын эвакуациялауда


Афины қаласынан солтүстікке қарай орын алған орман өрті Грекиядағы ұзаққа созылған аптап ыстық салдарынан бақылаудан шығып кетті, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Грекияның Афины қаласының солтүстігінде орналасқан Вотонас және Марафон қалаларының тұрғындарын эвакуациялап, таңғы 5-ке қарай жағалауға баруға пәрмен берілді. 

Өрт сөндіру қызметі сұрапыл жалынның негізгі ошағы түрлі бағыттарға таралып отырған бірнеше ағындарға бөлініп кеткенін мәлімдеді. Өрт сөндірушілер сондай-ақ Аттика мен Грекияның басқа бөлігінде болжанып отырған қатты желге дайындалып жатыр. 

Эвия аралында жағалаудағы күзет қызметі патурльдік катерлер және жекеменшік кемелермен бірлесіп, теңіз арқылы жүздеген адамды эвакуациялау бойынша көлемді операцияны жүргізді. 

Өрт сөндірушілер бүгін су бомбалары тиелген ұшақтар мен тікұшақтардың көмегімен Афины маңындағы өрттің бірнеше ошағын сөндіре алғаны хабарланып отыр. Алайда аптап ыстық олардың қайта жандануына себеп болды. Қазіргі уақытта бұл қаланы солтүстік Грекиямен байланыстырып отырған елдің бас көлік магистралінде қозғалыс тоқтатылды, бұған экипаждардың жолды жалынның таралуына бөгет ретінде пайдалануға әрекеттенгені себеп болған. 

Еске сала кетсек, Грекияда орман өрті соңғы қырық жылдың ішінде болған ең қатты ыстық күн райының салдарынан болды. Елдің көптеген аудандарында ауаның температурасы 44 градустан асып отыр.