07 там, 2021 сағат 11:33

Грекия орман өртін үш күннен бері сөндіре алмай жатыр


Грекия үшінші күн қатарынан елдің көптеген аудандарындағы өртті сөндіре алмай отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Euronews-ке сілтеме жасап.

Жалын мыңдаған гектар орманды шарпыған, қазіргі кезде ол Аттиканың солтүстік-шығысына қарай жылжып барады. Ғимараттар өртеніп, жабайы аңдар қырылып жатыр. Мыңдаған адам эвакуацияланды. Тұрғындардың көбі бір түн ішінде баспанасыз қалды.

Афина-Салоники жалпыұлттық автомагистралінің екі жағы отқа оранған. 

«Қазіргі бағалау бойынша, Афинаның солтүстігіндегі өрт Ұлттық жолды үш түрлі жерде шарпыған. Бофорт шкаласы бойынша 6 балдық екпінді жел өртті одан сайын күшейтіп, өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіруде. Жаңа тұтану ошақтары пайда болуда», - хабарлайды Euronews.

Афинаға жақын жерде өрт сөндіру кезінде ер адам қаза тапты. Оны электр бағана басып қалған. Кем дегенде тағы он адам жарақат алып, ауруханаға түскен.

Грекияда 56 табиғи өрт сөндіріліп жатыр. Ең ауыр жағдай Эвбеяда. Жалын негізгі орманды шарпып, ірі тау сілемі бойынша бірнеше бағытта таралып барады. Тіпті теңіз жағасына шейін жетті. Жүздеген адам қайықпен эвакуацияланды. Отпен күресуге 240 өрт сөндіруші жұмылдырылған.

Гректерге Франциядан, Швейцариядан, Швециядан және Румыниядан әріптестері көмек көрсетуде.