Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті болып Пекос Феодорос 2021 жылы Қазақ күресінен Әлем немесе Еуропа чемпионатын Грекияда өткізуді ұсынды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Елордада өтіп жатқан Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының халықаралық конгресінде федерациясының вице-президенті болып Грекиядан келген Пекос Феодорос пен қытайлық Соң Жиаңлиң сайланды. Федерация мүшелерінің қолдауына ие болған Пекос Феодорос өз ұсынысын ортаға салды.
«Мұндай құрметті атақты тапсырып отырған федерация басшылығына алғысымды білдіремін. Қазақ күресінде жүргеніме бірнеше жыл болды. Біздің елдің басшылығы 2021 жылы Қазақ күресінен Әлем және Еуропа чемпионатын Грекияда өткізуге келісіп отыр. Бәріңіз осы бастамамызды қолдарсыздар деген үміттемін», - деді Пекос Феодорос.
Айта кетсек, алыс-жақын шет елдердің өкілдерінің қатысуымен елордада Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының халықаралық конгресі өтіп жатыр. Жиын барысында федерация президенті Алик Шпекбаев әлемнің 27 елінен келген федерация мүшелеріне ұсыныс білдірді. Ол бойынша федерацияның «Құрметті президенті» ретінде Досхан Жолжақсыновты, бірінші вице-президенті ретінде Бәделхан Камалханұлын сайлау ұсынылды. Көпшілік бір ауыздан қолдады.