Гонконгте пандемия басталғалы алғашқы локдаун енгізілді. Бірақ ол бүкіл қалаға қатысты емес, тек халық тығыздығы ерекше жоғары және кедей топтар өмір сүретін кейбір аудандарына қатысты, деп хабарлайды ВВС.
Джордан ауданында көпқабатты үйлерде тұратын шамамен 10 мыңға жуық адамға үйден шықпауға нұсқау берілді. Ауданның барлық тұрғыны тестілеуден өтпейінше, олар үйден шықпауы керек.
Билік оған 48 сағат кететінін айтты. Осы уақыт аралығында 150 көпқабатты үйдің тұрғындары тексеріледі.
Гонконг Қытайдың орталық аудандарынан жаңа коронавирус «әкелінген» алғашқы орындардың біріне айналды.
Бірақ билік қатаң локдаун енгізбей-ақ шектеу шаралары мен айыппұл жүйелерінің көмегімен жағдайды бақылауда ұстады. Мұнда ауруға шалдыққандардың жалпы саны 10 мыңнан аспайды. Коронавирустан бар-жоғы 170 адам көз жұмған.
Алайда соңғы екі айда қалада Джордан ауданына тараған эпидемияның төртінші толқыны басталды. Мұнда қаңтардың алғашқы 20 күнінде коронавирус жұқтырудың 162 жағдайы анықталған.