13 қыр, 2016 сағат 08:38

Головкинді "Ресей азаматы" деп жазған басылым кешірім сұрады

Ресейдің «Журналистcкая правда» ақпарат агенттігі қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді Ресей азаматы деп жазып, қазақстандықтардың қаһарына ұшырады. Артынан ресейлік басылым айыбын мойындап, боксшының жанкүйерлерінен кешірім сұрады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Орта салмақтағы ресейлік чемпион Геннадий Головкин мен Ұлыбританиялық Келл Брук арасындағы жекпе-жектен кейін ұлыбританиялық боксшыға ота жасау қажет. Бұл туралы 11 қыркүйекте «Р-Спорт» хабарлады», - деп жазыпты ресейлік басылым.

Әлеуметтік желілерде азаматтарымыз осы ақпаратты қызу талқылап, басылымды қатты сынға алуы мұң екен, «Журналистcкая правда»: «жіберген қателігіміз үшін қазақстандық оқырмандарымыздан кешірім сұраймыз. Геннадий Головкин, әрине, Қазақстан боксшысы» - деп кешірім сұрап құтылуды жөн көріпті.

Естеріңізге салайық, Головкин – Брук жекпе-жегі сенбіден жексенбіге қараған түні Ұлыбритания астанасы Лондонда қаласында өтті. Боксшылардың айқасы бесінші раундта аяқталды. Отандасымыздың қарқынына төтеп бере алмаған Брукты командасы шаршы алаңға орамал тастап құтқарып алды.

Головкиннің бапкері Абель Санчестің айтуынша, қазақстандық боксшы жыл соңына дейін тағы бір жекпе-жек өткізеді.