Мексикалық боксшы Сауль Альвареске (50-1-2, 34 КО) WBC тұжырымы бойынша орташа салмақтағы әлем чемпионы белдігі салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Sports.kz.
Бұл белдікті «Канело» 15 қыркүйек күні қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен (38-1-1, 34 КО) өткен реванштық айқастан кейін иеленген болатын. Сондай-ақ мексикалық боксшы WBA Super белдігін, WBC арнайы белдігін, The Ring журналының бос белдігін және ІВО титулын алды. Бірақ ол санкциялық жарнаны төлегісі келмей, ІВО белдігінен бас тартқан еді.
Головкин мен «Канелоның» алғашқы жекпе-жегі 2017 жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегаста өтті. Айқас төрешілердің шешімімен тең аяқталды.
Геннадий үшінші айқасқа да келісімін берді. Бірақ Альварестің командасы оны ұйымдастыруға асығып отырған жоқ. Сауль Альварестің келесі жекпе-жегі 15 желтоқсанда Нью-Йорк қаласында өтеді. Оның қарсыласы WBA Super нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы чемпион Рокки Филдинг (27-1, 15 КО) болмақ.