WBA, WBC мен IBO бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен алдымен Қазақстанға барып келемін. Сосын келесі аптада дайындыққа кірісетін шығармын. Үйге барғым келіп жүр. Достарымды, туған-туыстарымды көргім келеді. Қазір менде бос уақыт бар. Ал келесі аптадан бастап толығымен боксқа берілуім керек», - деді Г.Головкин Yahoo! Sports сайтына берген сұхбатында.
Бұдан бөлек, GGG алдағы жекпе-жекке қатысты өз ойын білдірді. Сауль Альвареске қарсы басқа стратегияны қолданатынын да жеткізді. «Ол маған шабуыл жасаса, тіпті жақсы. Жанкүйерлерге ондай бокс ұнайды. Сосын менің алдағы жекпе-жекке қатысты көзқарасым өзгерді. Қазір мен ол айқасқа басқаша қараймын, эмоциям да өзгеше. Стратегиям да өзгерді», - деп атап көрсетті Г.Головкин.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 15 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас штатында өтеді. Бокс кеші өтетін жер - «T-Mobile Arena». Бірінші жекпе-жек те аталған спорт кешенінде ұйымдастырған болатын. Екі боксшы біраз пікірталастан кейін гонорарды 57,5/42,5 етіп, өзара бөлісуге келісті. Ақшаның басым бөлігін «Канело» алып кетеді. Дегенмен, кейбір сарапшылар Головкин 45 процентті «жұлып алды» деп отыр. Себебі GGG 42,5-тен бірден бас тартқан болатын. Алайда бір сағаттың ішінде тиімді ұсыныс түскеннен кейін келісімшартты рәсімдеуге келісті. Алайда екі жақ аталған құжатта көрсетілген проценттерді жарияламауға уағдаласты. Соның салдарынан спорт сарапшылары «тиімді ұсыныстың» шарттарын біле алмай отыр.