31 мам, 2021 сағат 16:14

Голощекин аштық туралы орталыққа хабарлады ма – тарихшы пікірі


Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» үш томдық жинағында қандай маңызды фактілер енгенін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Жинақтың бірінші томындағы 669-бетте 994-құжатта көрші республика аудандарындағы қазақтардың саны көрсетіледі. Мысалы Омбы облысындағы Шербакөл ауданы – қазақтар көп шоғырланған өзімізге ыстық, жақын өңір. 1933 жылы 2 қыркүйекте шыққан құжатта Шербакөл ауданында 260 қазақ отбасы тұратыны жазылған. Әрине қазақи ауданда 260 отбасының қалғаны ашаршылықтың қандай ауыр болғанын көрсетеді», - деді тарихшы сұхбатында.

Сонымен бірге, екінші томдағы 342-бетте Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ф. Голощекиннің А. Микоянға жазған маңызды құжаты бар. 

«Біз көбінесе Голощекинді кінәлаймыз, Голощекин бастаған республика билігі қылмыс жасады дейміз. Әрине, Голощекиннің де, Сталиннің де кінәлары бар. Дегенмен, бұл құжат Голощекинді басқа қырынан көрсетеді. 1930 жылы 19 сәуірде ашаршылық жаңа басталып жатқанда Алматыдан Мәскеуге хат жолданып, Қазақстанда егін шықпай, нан мен ет жоспары жоғары болып, жергілікті халыққа азық-түлік қалмағаны, жақын арада аштық болуы мүмкін екені ескертілген. Одан басқа, Қазақстанда жаппай аштықтың жүріп жатқаны, мәйіт жеу, адам жеу жағдайларының тіркелгені туралы құжаттар да сақталған. Бірақ ең қызығы, 1930 жылдардың басында Қазақстанда халыққа азық-түлік жетпей жатқанда да нан мен ет әзірлеу жұмыстары тоқтамаған. Ал көршілес Қырғызстан билігі сол уақытта орталыққа нан мен ет жіберуден үзілді-кесілді бас тартқан, ол елден бір келі ет, бір келі дән орталыққа жіберілмеген», - дейді тарихшы. 

Маманның айтуынша, негізгі соққы бір сәтте бар малынан айырылған ауыл тұрғындарына тиді. Орталық Азия елдері арасында Қазақстанда ғана миллиондаған адам ашаршылықтан қырылған. 

«Менің ойымша, ашаршылық орталықтың бір саясаты болды, республика билігі де оны қандай да бір деңгейде қолдап отырған, олар Қырғызстан билігі секілді ұстанымға көшпеді. Орталық Азияның өзге елдерін алып қарасақ, аштықтан қырылғандар саны Қазақстандағыдай көп емес. Қазақстанда да қанша адамның аштықтан құрбан болғаны әлі нақтыланбаған. Әзірге 2,5 млн адам деген дерек бар. Бұл – 30-жылдардың соңындағы Қазақстан ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) келтірген мәлімет. Оларға Қазақстан өңірлерін аралап, ашаршылық салдарын анықтау туралы тапсырма берілген. Сонда олар шамамен 2,5 млн адам деп, ақпараттың толық еместігін, көп құжаттардың жойылғанын, халықтың өзге аудандар мен көршілес республикаларға көшіп кеткенін ескерткен. Сондықтан, тарихшыларды үлкен жұмыс күтіп тұр, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы аясында жаңа цифрлар, жаңа деректер және жаңа көзқарас аламыз деген үміттемін», - дейді Зиябек Қабылдинов.

Еске сала кетсек, ҚР Парламенті Сенатында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» үш томдық жинағы таныстырылды. Үш томдықта Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру тарихын баяндайтын мыңнан астам архив құжаттары жинақталған. Олардың біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған және Қазақстан ғылымында бұрын-соңды айтылмаған. 

Аталған кітаптар Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология инстутының ғылыми кеңесінің ұсынысымен шыққан. 

«Осы жұмысты алдағы жылдары да тоқтатпау керек. Облыстық, аудандық, қалалық архивтерден кем дегенде жылына бір томнан шығарып отырса, республикалық деңгейдегі үш қаладан бір томнан шықса, сосын қазақтар ағылған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресейдің шекаралас өңірлері – Барнауыл, Жаңасібір, Омбы, Түмен, Қорған, Астрахан, Орынбор, Челябі қалаларында да жұмыс істеп, келесі 31 мамырға дейін 20-30 том жинақ шығаруға болады. Мұнда бұрын жарияланбаған құжаттарға көңіл бөлу керек. Ол үшін мемлекеттік деңгейде бағдарлама ұйымдастырса, Сенаттың қолдауымен үш жылда көптеген жұмыс атқаруға болады», - дейді Зиябек Қабылдинов.