Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) менеджері Том Леффлер боксшының алдағы жоспарлары туралы өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат boxingscene-ға сілтеме жасап.
«12-раундта Головкиннің оң қабағы жарылды. Сол себепті оның 2018 жылғы жоспары аяқталды, ол демалуы керек. Біз келесі жылы көктемде, болмаса мамыр айында рингке қайта оралуды жоспарлап отырмыз», - деді Леффлер.
Сондай-ақ, Том Леффлер қазақстандықтың келесі жылы кіммен жұдырықтасуы мұмкін екенін айта кетті.
«Флойд Мейвезер рингке қайта оралатын сияқты. Біз «Мейвезер-Пакьяо» кездесуінің жеңімпазымен жұдырықтасуымыз мүмкін», - деді менеджер.
Еске салайық, Головкин - «Канело» рематчы 16 қыркүйек күні Америка Құрама Штаттарының Лас Вегас қаласындағы T-Mobile Arena-да өтті. Қортындысында, отандасымыз төрешілер шешімімен (113-115, 114-114, 113-115) жеңіліп, чемпиондық белдіктерінен айырылды.