27 шіл, 2021 сағат 17:12

Германияның Леверкузен қаласындағы химия зауытында жойқын жарылыс болды


Германияның Леверкузен қаласындағы Бюрриг ауданында орналасқан кәсіпорында қуатты жарылыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сайтына сілтеме жасап.

Кейбір деректер бойынша, апат Bayer химия-фармацевтика компаниясының нысандарының бірінде болған. Тағы бір деректе апат Currenta химия кәсіпорнында, яғни мұнай базасында орын алған. «Апат қоқыс өртейтін зауытта болған» деген болжам бар. 

Әзірге зардап шеккендер туралы хабар түспеген. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнынан аспанға қара түтін будақтап көтерілген. Түтін Буршайд және Лайхлинген бағытында көшкен. 

Бюрригке құтқару қызметтері келді. Леверкузен полициясы тұрғындарды пәтерінен шықпауды, терезе мен есікті ашпау керектігін ескертті. 

FOCUS Online-нің дерегінше, Леверкузеннің Кельнге апаратын ауданындағы автомагистральдің бір бөлігі жабылған. А паттың себебі әзірге белгісіз. 

Болжам бойынша, аумағында жарылыс болған химия зауытында 5 мыңнан аса түрлі химикат өндіріледі. Олардың қатарында азоттау және хлорлау процестеріне арналған заттар, хош иісті көмірсутектер, жеңіл химикаттар бар. Кәдеге жарату және қайта өңдеу орталығында химиялық ластанған қауіпті қалдықтар қайта өңделеді.