15 қаң, 2021 сағат 08:48

Германияда коронавирустан өлім-жітім күрт артты

Германияда пандемия басталғалы жаңа антирекорд тіркелді: бір тәулікте 1 244 адам коронавирустан қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сілтеме жасап.

Германия медицина мамандарының пайымынша, коронавирус бойынша ахуалдың алдағы жақын уақытта жақсаруын күтудің қажеті жоқ. Елде қаңтар айының соңына дейін қатаң карантин енгізілген. Бірақ ел билігі «мега-локдаун» енгізуді де қарастыруда. Ол жағдайда қоғамдық көлік толық тоқтайтын болады. 

Францияда қоғамдық көліктер жұмыс істейді және дүкендер де ашылды, бірақ коменданттық сағат күшейтілді: енді кешкі сағат 6-дан кейін себепсіз көшеге шығуға болмайды (бұған дейін тыйым 20:00-ден басталған болатын).

Испанияда 100 мың тұрғынға шаққанда коронавирусты жұқтыру көрсеткіші қайтадан 500 адамнан асып кетті. Андалусия, Мурсия, Кастилия-Леон автономды қауымдастықтарының басшылары өз аймақтарында үйде оқшаулау режимін енгізу үшін ел үкіметінен құқық пен мүмкіндік беруді сұрап отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшылар тобы Қытайдың Ухань қаласына коронавирустың шығу себебін зерттеу үшін келді. Жұмысқа кіріспес бұрын 10 сарапшы екі апталық карантиннен өтулері керек. Бірнеше ай бойы болған тұрақтылықтан кейін, соңғы аптада Қытайда коронавирус инфекциясының тәуліктік тіркелген саны күрт өсті. Олардың көпшілігі төтенше жағдай жарияланған Хэбей провинциясында анықталған.