Германия билігі Берлин мен Майндағы Франкфуртте барлардың жұмысы мен алкоголь сатуға шектеу қоюға мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Euronews.
Осы аптада ел астанасы мен қаржы орталығы қаупі жоғары аймақтар тізімін толықтырды. Германияда бір тәулік ішінде COVID-19 жұқтырудың 4,5 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды.
Барлардың қожайындары жаңа шектеулерге қарсы болып отыр. Олардың айтуынша, комендаттық сағат экономикаға айтарлықтай зиян келтіреді.
Мадрид пен оның маңындағы қалалар тағы да кемінде 2 аптаға жабылады. Мұнда вирустың таралу деңгейі әлі жоғары. Елде бір тәулікте 6 мыңнан астам ауруға шалдығу жағдайлары тіркелген.
Жаңа ережелерге сәйкес тұрғындар қаладан кете алмайды, тек шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда ғана шыға алады. Испания астанасындағы барлар мен мейрамханалар енді кешкі 10-ға дейін жабылып, адам сыйымдылығын екі есе қысқартуы тиіс.
Ресейде екінші күн қатарынан ауруға шалдығудың жаңа жағдайларының саны бойынша рекорд жаңаруда. Сенбі күні елде 12 846 адамнан коронавирус анықталған. Олардың үштен бірі Мәскеуде тіркелген.
Қала мэрі Сергей Собянин келесі апта коронавирусқа байланысты жағдайды «шешуші» апта болатынын айтты. Экономикалық себептерге байланысты билік «аса қажет емес» шаралардан аулақ болғысы келеді.