15 қаз, 2020 сағат 19:06

Германияда коронавирус жұқтыру деңгейі шарықтау шегіне жетті

SARS-CoV-2 коронавирусын пандемия басталғалы бері әлемде 39 миллион адам жұқтырған. Оның 1,09 миллионы көз жұмса, 29 миллион адам індеттен жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Бельгияда SARS-CoV-2 жұқтырудың тәуліктік өсімінің антирекорды тіркелді. Жұқтырғандардың саны – 7481. 

100 мың адамға есептегенде коронавирусқа шалдыққандар саны соңғы екі аптада 494 адамды құрады (ел астанасы Брюссельде - 880). Пандемия басталғалы Бельгияда инфекцияны жұқтырған азаматтардың жалпы саны 181,5 мыңға жеткен. 

Грузияның батысындағы Тбилиси мен Имеретиде 16 қазаннан бастап коронавируспен күрестің жаңа шаралары күшіне енеді. Атап айтқанда, елдегі мейрамханалар мен ойын-сауық мекемелері сағат 22.00-ден кейін жұмысын тоқтатады. Ал мемлекеттік және жеке кәсіпорындарға жұмысты қашықтан жүргізуге кеңес беріліп жатыр. Кейінгі тәулікте Грузияда коронавирусты жұқтырудың рекордты көрсеткіші тіркеліп, індет бір күнде 919 адамды шарпыған. Жалпы елде коронавируспен ауырғандардың саны 14,4 мыңға жетті.

Польшада коронавирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 8 мыңға жетті (соңғы тәулікте 8099 адам). Жаңа жағдайлардың көбі ел астанасы Варшаваның маңайындағы аймақтарда тіркелуде. Жалпы Польшада індетті 149,9 мың адам жұқтырған.

Автрияда бір күнде 1552 адам тіркелді. Осылайша жұқтырғандардың жалпы саны 60 224-ті құрады. Қазір вирустың жаңа түрінен 664 пациент емделіп жатса, олардың 119-ы - жансақтау бөлімінде.

Чехияда да коронавирусқа шалдығудың тәуліктік өсімі жағынан антирекорд тіркелді. Соңғы 24 сағаттың ішінде бұл елде коронавирус инфекциясы 9544 адамнан анықталған. Бірнеше күн бұрын ғана өсім 8325 жағдайға жеткен еді. Жалпы Чехияда пандемия басталғалы індет 139 290 адамды құрсауына алған . Бір тәулікте вирустың жаңа түрінен 35 адам көз жұмып, жалпы қайтыс болғандардың саны 1172 болды. 

Украинада 15 қазанда, яғни бейсенбі күні таңертең SARS-CoV-2 вирусын жұқтырудың 5 062 жаңа жағдайы тіркелді. Ол елдегі Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің Коронавирус эпидемиясының таралуына мониторинг жүйесінің сайтында бұрын жұқтырғандардың 73-і қайтыс болғаны хабарланған. Одан бір күн бұрын, яғни 14 қазанда инфекция 5590 адамнан анықталған еді. Пандемия басталғаннан бері ондағы жұқтырғандардың саны бейсенбі күні таңертеңгі статистика бойынша 281 239 адамды құраған. COVID-19 вирусынан 5 302 адам қайтыс болған.

Германияда жұқтырғандар санының күн сайын өсіп бара жатқаны хабарланып отыр. Роберт Кох институтының мәліметтері бойынша, соңғы тәуліктегі тестілер 6638 адамның вирус жұқтырғанын көрсеткен. Бұл - елде эпидемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін коронавирустың жаңа түрін жұқтырудың ең көп жаңа жағдайы 28 наурызда (6294) тіркелген болатын. Жалпы Германияда эпидемия басталғаннан бері 341 223 адамнан SARS-CoV-2 инфекциясы анықталған. 9710 пациент қайтыс болған. Worldometer порталының хабарлауынша, барлығы 284 600 адам сауығып кеткен.

Португалия жаңа типтегі вирусты жұқтырғандар санының артуына байланысты төтенше жағдай режимін енгізіп жатыр. Қаулының күшінде тұратын мерзімі 15 күнге есептелген. Лиссабонда өткен Үкімет отырысында премьер-министр Антонио Кошта айтқандай, қаулы билікке азаматтардың жүруіне және қоғамдық өмірде шектеу қоюға мүмкіндік береді. Көпшілік жиналыстарға бес адамнан, ал жеке кештерде 50-ден артық адам жиналмауы керек. Қаулыны әлі де елдегі парламент - Республика кеңесі мақұлдауы керек. 14 қазанның өзінде Португалияда вирус жұқтырғандардың саны 2072-ге жетті. Бұл - пандемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.

АҚШ-та коронавирусқа шалдыққандар саны 53 609 адам жетіп, олардың жалпы саны 7,95 млн адамға жақындады. Жалпы аталмыш елде коронавирустан көз жұмғандардың саны 216 650 адамға жеткен. Бұл – пандемия басталғалы New York Times басылымының жүргізіп келе жатқан санағы.

АҚШ президенті Дональд Трамптың кенже ұлы - 14 жастағы Баррон коронавирус жұқтырып алды. Бұл туралы оның анасы, АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания хабарлады. Оның айтуынша, тесттен өткеннен кейін ұлынан вирустың жаңа типі анықталған. Алайда ұлының бойында аурудың ешқандай белгісі байқалмаған. «Бақытымызға орай, ол мығым жасөспірім» деп қосты Ақ үй басшысының әйелі.

Бразилияда өткен тәулікте тағы 749 адам коронавирустан қайтыс болды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерінше, ауру жұқтырған адамдардың саны соңғы тәулікте 27235 адамға көбейіп, жалпы жұқтырғандардың саны 5 140 863-ке жеткен. Бразилияда коронавирус инфекциясының салдарынан барлығы 151 747 адам қайтыс болған. Worldometer мәліметі бойынша Бразилия коронавирустың өлімі бойынша әлемде АҚШ-тан кейін екінші, инфекциялар саны бойынша АҚШ пен Үндістаннан кейінгі үшінші орында тұр.