14 жел, 2020 сағат 09:17

Германия карантинді күшейтеді, АҚШ вакцина салу бағдарламасын бастайды

Коронавирус індетінің екінші толқынын өткеріп жатқан Германия карантинді күшейтеді. Германия канцлері Ангела Меркель 13 желтоқсанда жаңа жыл мерекесі аяқталғанға дейін дүкендердің басым бөлігі жабылатынын хабарлады.

16 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында мектептер жабық болады. Супермаркет, дәріхана сияқты бөлшек саудамен айналысатын кейбір сауда орындары ғана істейді. Осы аралықта банктердің де жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. 

Елде алты аптадан бері жартылай оқшаулау шаралары күшінде. Дәмхана мен мейрамханалар жабық. Еуропаның өзге елдері сияқты коронавирус жұқтырғандар мен сонымен байланысты адам өлімі мұнда да үздіксіз өсіп жатыр. 

Ал 14 желтоқсанда АҚШ-та тұрғындарға коронавирусқа қарсы вакцина салына бастайды. Бірнеше айда Американың ондаған миллион азаматына Pfizer-BioNTech вакцинасы егіледі деп айтылады. 

АҚШ үкіметіне қарайтын Operation Warp Speed компаниясы өкілдерінің сөзіне қарағанда, 13 желтоқсанда логистикалық компаниялар вакцинаны үйлестіру орталықтарына тарата бастайды. Ол жақтан ауруханалар мен медицина орталықтарына жөнелтіледі.