IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Генадий Головкинмен (40-1-1, 35 КО) ынтымақтастық орнатқан промоутер Том Леффлер GGG лагеріндегі соңғы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Т.Леффлер Г.Головкиннің алдағы жекпе-жегіне қатысты айта келе, әзірге нақты белгіленген дата жоқ екендігін атап өтті.
«Геннадий жағдайында мәселелер тұрақты түрде өзгеріп отырады. Ол өзінің жаттығу лагерін Джонатан Бэнкспен бастап, алдын-ала жаттығулар өткізіп жатыр. Олар спаррингтер кезеңін және өзгелерін нақты бір дата белгілі болғанға дейін бастамайды. Нақты белгілі болған мәселе жөнінде алдында ала хабарлайтын боламыз. Джонатаннан естуімше, Геннадий нағыз бабында. Ол – әрдайым тәртіпті сақтайтын жігіттердің бірі. Бұл жағынан ағайынды Кличколарға ұқсас. Ол артық салмақ жинауға өзіне ешқашан ерік бермейді, үнемі бір қалыпта. Балалары оны белсенді болуға мәжбүр етеді. Геннадийдің ұлы хоккеймен айналысады, сондықтан ол әрдайым баласының қасында және физикалық тұрғыда белсенді. Қазір сізбен бұрын-соңды өзім көрген ең көп жаттығатын спортшылардың бірі туралы айтып отырмыз. Біз оның рингке оралуын тағатсыздана күтудеміз, бірақ әзірге жариялайтын ештеңе жоқ. Жақын уақытта жаңалық болатынына үміттенемін», — деді Леффлер журналист Курран Бхатииге берген сұхбатында.