Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) 5 мамыр күні Лас-Вегаста өтетін алдағы жекпе-жегін ғана ойлап жүргенін және допингпен ұсталып, реванштан бас тартуға мәжбүр болған мексикалық Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) жайында ештеңе айтқысы келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлады sputniknews.kz Sports.kz агенттігіне сілтеме жасап.
"Канело" кінәлі ме дейсіз бе? Өтінемін, "Канелоны" ұмытыңыздар. Ол — ешкім емес! Мен кәсіпқоймын, өз ісімді білемін және 5 мамыр күні Лас-Вегаста жұдырықтасамын", — деді Головкин.
Естеріңізге сала кетейік, Невада штатының атлетикалық комиссиясы "Канелоның" қанынан допинг табылуына байланысты оны бокстан уақытша шеттеткен болатын. Осы жағдайдан кейін Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы реванш тоқтатылғанын жариялады. Альвареске қатысты шешім 18 сәуірде қабылданады.
Головкин жекпе-жекті бекітілген күні, алайда T-Mobile Arena-да емес, MGM Grand аренасында өткізеді. Оның қарсыласы жақын күндері белгілі болады.